
Сеул, 2024 жылғы 25 қазан – Қазақстан Республикасының күніне орай Сеул мэриясының ғимараты Қазақстанның туының ұлттық түстерімен сәнделді. Бұл символикалық жарықтандыру Қазақстан мен Корея арасындағы достық пен өзара құрметтің жарқын белгісіне айналып, екі ел арасындағы тығыз мәдени және дипломатиялық байланыстарды атап көрсетті.
Мерекелеу аясында Сеулдің орталық алаңында Қазақстан Елшілігінің қолдауымен түрлі-түсті флешмоб өтті. Іс-шараға қазақстандық студенттер, диаспора өкілдері және Елшілік қызметкерлері қатысты. Қатысушылар бұл күннің Қазақстанның тәуелсіздік пен өркендеу бастамасының символы ретіндегі маңыздылығын атап өтіп, бір-бірін қуанышпен құттықтады. Іс-шараның қорытындысы есте қаларлық суретке түсумен аяқталды.
Екі ел үкіметтерінің және жеке сектордың берік қолдауы арқасында соңғы жылдары Қазақстан мен Корея арасындағы қатынастар тұрақты дамып келеді. Бұған азаматтарымыз арасындағы тікелей белсенді байланыстар мен бірлескен жобалар айқын дәлел болып отыр. Бұл өзара түсіністік пен барлық деңгейдегі ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысты көрсетеді.