
Сеул, 2023 жылғы 19 наурыз – Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігінің аумағында Қазақстан Республикасының кезектен тыс парламенттік сайлауында дауыс беруге арналған №258 учаскесі ашылды.
Бірінші болып Пусан қаласынан Сеулге арнайы келген Корея Республикасы Әскери-теңіз академиясының 3 курс курсанты Асанов Ернұр дауыс берді.
Ернұр Асанов бұл сайлау елімізге одан әрі саяси және экономикалық дамуға, сондай-ақ елдегі бейбітшілікті қолдау мен нығайтуға жаңа мүмкіндіктер беретінін атап өтті. Сондай-ақ, Корея Республикасында әскери-теңіз күштері саласында білім алып, оны болашақта Қазақстанның дамуы үшін пайдаланғысы келетінін жеткізді.
Қазақстан Елшілігі сайлауға қызығушылық танытқаны үшін бірінші дауыс берген Қазақстан азаматына алғысын білдіріп, кішігірім сыйлық табыс етті.
Елшілік 18 жасқа толған барлық Қазақстан Республикасының азаматтарын Қазақстан Республикасының кезектен тыс парламенттік сайлауында дауыс беруге қатысуға шақырады.