
2022 жылғы 24 қарашада ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Б.Ақатаев Корея Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Шетелдік корейлер және консулдық қатынастар кеңсесі Консулдық қызмет басқармасының директоры Сонг Чансикпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Директор Б.Ақатаев әріптестерімен жүздесіп, түрлі консулдық мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді, сондай-ақ Қазақстан-Корея консулдық қатынастарының негізгі жетістіктерін атап өтті және одан әрі ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын ұсынды.
Б.Ақатаев консулдық қызмет екіжақты қатынастардың ажырамас бөлігін құрайтынын және тараптардың халықаралық құқығы мен ұлттық заңнамасының қағидаттары мен нормаларына сәйкес екі ел азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталғанын атап өтті.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және электрондық үкіметті дамыту бөлігінде елімізде жүргізіліп жатқан реформалар туралы ақпарат ұсынылды.
Қазақстандық тарап Корея Республикасында мемлекеттік органдар арасындағы электрондық құжат айналымының консулдық қызметтері бойынша пайдаланылатын жүйелер мен платформалардың жұмысын зерделеуге қызығушылық білдірді.
Өз кезегінде корей тарапы консулдық қатынастар саласындағы ынтымақтастыққа және консулдардың жұмысын цифрландыруда және шетелдегі азаматтарға мемлекеттік қызметтер көрсетуде тәжірибе алмасуға дайын екендігін білдірді.