2021 жылғы 9 қарашада Сеулде «Ядросыз әлем» фотокөрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігі көрмені Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қолдауымен ұйымдастырды. Аталған көрме Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығына арналған іс-шара болып табылады.
Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Б.Дүйсенбаев фотокөрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Қазақстан ядролық сынақ полигонын жапқан әлемдегі бірінші мемлекет екенін, сондай-ақ көлемі жағынан төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқанын атап өтті.
Ол 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонын ресми түрде жауып, қазіргі Қазақстанның дамуының негізін қалаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың рөлін ерекше атап өтті.
Көрменің ашылу салтанатына дипломатиялық корпус өкілдері, саясаткерлер, қайраткерлер, бизнесмендер, ядролық қарусыздану саласындағы мамандар, сондай-ақ корей университеттерінің ғалымдары мен зерттеушілері қатысты.
Көрме екі бөлімнен тұрады. «Қазақстанның ядросыз әлемге жолы» атты бірінші бөлімде ядролық сынақ полигонына айналған қазақ жерінің қасіретті тарихы көрсетілген. Екінші «Қазіргі Қазақстан» бөлімінде Қазақстанның заманауи дамуы, еліміздің туристік жерлері, қазақ халқының мәдениеті мен тарихы көрсетілген.
Фотокөрме 9 қараша мен 14 қараша аралығында «Palais de Seoul» галереясында (Сеул, Корея Республикасы) келушілер үшін ашық болады.