
2025 жылғы 23 қаңтарда Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулы Талғат Шәріпов Ш.Рашидов атындағы Самарқанд Мемлекеттік университетінің ректоры Рустам Халмурадовпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар ғылыми-білім беру, академиялық және гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ екі елдің оқу орындары арасында тәжірибе алмасу, бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Р. Халмурадов Университеттің даму тарихы туралы егжей-тегжейлі айтып, 2024 жылдың қазан айында СамГУ-де Абай атындағы орталық пен қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін ашқаны үшін қазақстандық тарапқа ризашылығын білдірді. Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту бойынша сабақтарды университеттің оқу үдерісіне 2025-2026 оқу жылында енгізу жоспарланып отырғанын хабарлады.
Өз кезегінде Бас консул екі ел арасындағы ғылыми-білім беру және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.