
2024 жылғы 11 қарашада Самарқанд қаласында Өзбекстан Республикасының «Самарқанд» мемлекеттік мұражай-қорығында Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінің «Алаштың асыл арыстары» тақырыбында Түркістан автономиясының тұңғыш Премьер-министрі, «Алаш Орданың» мүшесі Мұхамеджан Тынышпаевтың 145 жылдығы және ұстаз, ғалым, Жазушылар одағының мүшелері, ақын-драматург, аудармашы – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтің, біртұтас Түркістан автономиясының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күреске қатысушылар – қоғам және саяси қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығына арналған халықаралық фотокөрмесі ашылды.
Көрме Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулдығының көмегімен ұйымдастырылды.
Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімі барысында Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің сенаторы – «Зарафшон» және «Самарқанд хабаршысы» газеттерінің Біріккен редакциясының бас редакторы Фармон Тошев, Самарқанд қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулы Талғат Шәріпов, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейі директорының м.а. Ғалия Теміртон (бейнеконференцбайланыс арқылы) құттықтау сөз сөйледі.
Фото-көрмені ұйымдастырудың негізгі мақсаты қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған Алаш қайраткерлерінің тарихи және мәдени мұраларын насихаттау, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық пен мәдени байланыстарды нығайту, Орталық Азияның екі ірі музейінің мамандары арасында тәжірибе алмасу болып табылады.
Аталған көрмеде Алашорда қайраткерлері: Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов және т.б. ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның қызметін көрсететін фотостендтер – мұрағаттық материалдар мен фотоқұжаттар ұсынылған.
Көрме 2024 жылдың 11-15 қарашасы аралығында жалғасады.