
2024 жылғы 21 қазанда Ш. Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінде Абай атындағы ғылыми-мәдени орталық пен қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің салтанатты ашылуы өтті.
Бұл шара қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасын насихаттауға бағытталған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдениетаралық байланыстарды нығайту мен тереңдетудегі маңызды қадам болып табылады.
Ғылыми-мәдени орталықты ашудың мақсаты студенттердің тілдерді үйренуге деген қызығушылығын арттыру, мәдени диалогты дамыту және екі мемлекеттің студенттері арасындағы рухани байланысты нығайту болып табылады.
Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов, Өзбекстан Республикасы Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігінің өкілдері, Самарқанд мемлекеттік университетінің ректоры Рустам Ибрагимович Калмурадов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Анапиұлы Тілеп, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері сөз сөйледі.
Іс-шараға Самарқанд мемлекеттік университетінің жетекші ғалымдары, БАҚ өкілдері, оқытушылары мен студенттері қатысты.
Орталықтың ашылуын ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігі, "BIRUNINEOFARM" ӨСК, "Новоишим астық компаниясы" ЖШС және "Отандастар қоры" (Қазақстан Республикасы) қолдау көрсетті.
Рәсім аясында Абай атындағы ҚазҰПУ өкілдерінің Самарқанд университетіндегі әріптестерімен B2B-кездесулері өткізіліп, сондай-ақ студенттер мен оқытушылар үшін ашық дәрістер ұйымдастырылды.