Қазақстан «Махалланың жергілікті халықтың өмір сүру деңгейін арттырудағы рөлі» тақырыбында халықаралық конференцияға қатысты

Қазақстан «Махалланың жергілікті халықтың өмір сүру деңгейін арттырудағы рөлі» тақырыбында халықаралық конференцияға қатысты

2024 жылғы 3-4 қазанда Самарқандта «Махалланың жергілікті халықтың өмір сүру деңгейін арттырудағы рөлі» тақырыбында халықаралық конференция өтті.

Конференцияға 21 елден сарапшылар, сондай-ақ БҰҰ, UNICEF, UNDP, UNODC, UNFPA секілді халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасынан конференцияға «Ошақ» тұрақты даму орталығының директоры Сарқытбек Молдабаев және Қазақстан маслихаттары депутаттары бірлестігі төрағасы Төлеубек Мұқашев қатысты. Т.Мұқашев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы М.С.Ашимбаевтың атынан құттықтау сөзін сөйледі.

Сонымен қатар конференция жұмысына Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулы Талғат Шәріпов және Қазақстан Елшілігінің дипломаттары қатысты.

Конференцияның басты мақсаты – Өзбекстанның махалла институтын қалыптастыру мен дамыту тәжірибесін және азаматтық қоғамды халықаралық деңгейде нығайту жөніндегі тәжірибесін тарату болды.

Конференция барысында қатысушылар Өзбекстандағы жаңа құрылған Махаллялар қауымдастығының қызметімен және өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа құрылыммен танысты.

Тақырыптық панельдік сессиялар барысында мемлекеттік басқарудағы өзін-өзі басқару органдарының рөлі, әйелдер мен балалардың мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ өзін-өзі басқару органдарына заманауи технологияларды енгізу тақырыптары кеңінен талқыланды. «Ошақ» тұрақты даму орталығының директоры Сарқытбек Молдабаев сессиялардың бірінде жан-жақты баяндама жасады.

4 қазанда конференция қатысушылары іс-шараның практикалық бөліміне өтіп, Самарқанд қаласындағы бірнеше махалланы аралап, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмысымен танысты.

Конференцияның қорытындысы бойынша махалла институтының негізгі жетістіктері мен оны одан әрі дамыту бағыттарын көрсететін Самарқанд декларациясы қабылданды.