
А.ж. 22-24 қарашада Самарқандта ТМД, таяу шет елдерінің құрылыс материалдары мен құрылыс жабдықтарын өндіру және тасымалдау бойынша жүзден астам жетекші компанияларының қатысуымен «Build Pro Expo Samarkand» атты халықаралық көрме болып өтті.
Көрмеге қазақстандық «Alina Paint» және «СтройPoint» компаниялары қатысты. Қатысушылар семинар іс-шараларында жаңа тәжірибе мен білім алуға, нарықты талдауға, сондай-ақ құнды іскерлік байланыстар орнатуға бірегей мүмкіндік беретіндігін атап өтті.
Халықаралық көрме аясында Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулы Бауыржан Досманбетов Қазақстан, Ресей, Түркия, Өзбекстан елдерінің құрылыс материалдарын, технологияларды және арнайы жабдықтарды өндіруші бірқатар компаниялар өкілдеріне Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту және инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша жүргізіліп жатқан мемлекеттік қолдау шаралары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Қазақстан нарығына өзіндік өнімдерімен кіруге мүдделі бірқатар компаниялар өкілдерімен өткізілген B2B кездесуде Бас консул бірлескен кәсіпорын ашу, сауда-саттық, экономика, сондай-ақ еліміздегі кеден және салық саласындағы жүргізіліп жатқан реформалар туралы қызықтырған сауалдарына жауап берді.
Кездесу соңында инвестициялық және сауда-саттық саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында тығыз байланыстарды қолдау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.