Самарқанд қаласында Азиядағы өзара іс - қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі (АӨСШК) Жастар кеңесінің 6-шы отырысы болып өтті.
Аталған кеңеске АӨСШК Бас Хатшысы Елші Қ.Ш.Сарыбай, Өзбекстан Республикасы Жастар саясаты және спорт министрі А.Икрамов, Өзбекстан Республикасы Жастар саясаты және спорт министрінің бірінші орынбасары – Жастар ісі жөніндегі агенттігінің директоры А.Садуллаев және басқа да 36 елдің жастар саясатын іске асыруға жауапты мемлекеттік органдары мен жастар қоғамдық ұйымдары өкілдері, халықаралық сарапшылар жалпы 100 - ден астам қатысушы қатысты.
Өзбекстан Республикасының жастар саясаты және спорт министрі А. Икрамов кіріспе сөзінде АӨСШК-нің Азиядағы бейбітшілікке, қауіпсіздік пен тұрақтылыққа жәрдемдесудегі маңыздылығына, сондай-ақ АӨСШК Жастар кеңесінің жастардың дамуына ортақ көзқарас қалыптастырудағы құндылығын атап өтті. Сонымен қатар, министр Өзбекстанның жастар саясатындағы соңғы өзгерістері мен Жастар Парламенті және елдің әрбір кішкентай ауылында Жастар агенттігінің өкілдерін тағайындау сияқты бастамалары туралы хабарлады.
АӨСШК Бас Хатшысы Елші Қ.Ш.Сарыбай өз сөзінде сапалы білім жастардың дамуының негізі екенін, білім беру жүйесінің инклюзивті, әділ және жылдам дамып келе жатқан әлем талаптарына сай болуын, сондай-ақ жас буынның 21 ғасырдағы қиындықтарға дайындайтын сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Осыған байланысты, Хатшылық АӨСШК мүше елдерінің жетекші оқу орындарының Серіктестік желісін құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Кеңес шеңберінде АӨСШК Бас Хатшысы Елші Қ.Ш.Сарыбай Өзбекстан Республикасы Жастар саясаты және спорт министрі А.Икрамовпен кездесті. Екіжақты кездесуде Жастар кеңесінің негізгі бағыттарының бірі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың жастармен жұмыс істеудегі ынтымақтастығын кеңейту, жастар арасындағы қиындық тудыратын мәселелерді шешуге ортақ адамгершілік ұмтылыстар мен тәсілдерді қалыптастыру және де мемлекеттер арасындағы бейбітшілік, тұрақтылықты қамтамасыз ету екендігіне баса назар аударылды.