
2025 жылғы 10 қарашада Самарқанда ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясы аясында «Жаңа Орталық Азия: мәдениет, білім және ғылым арқылы бірлескен даму мен өркендеуге апарар жол» атты арнайы сайд-ивент өтті.
Іс-шараны Орталық Азияның Халықаралық институты (IICA) мен Орталық Азиядағы БҰҰ превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы (UNRCCA) Өзбекстан Республикасының Өнер және мәдениетті дамыту қорының серіктестігімен ұйымдастырды.
Сайд-ивент барысында Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, соның ішінде мәдениет, білім, ғылым және туризм салаларындағы практикалық өзара іс-қимылдың келешегі, бірлескен бастамаларды іске қосу, үздік тәжірибе алмасу және ортақ мәдени-гуманитарлық кеңістік қалыптастыру жолдары талқыланды.
Сонымен қатар қатысушылар білім, ғылым және мәдениет салаларындағы бірлескен жобаларды ілгерілетуде ЮНЕСКО-ның негізгі халықаралық әріптес ретіндегі рөлі мен үлесін атап өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық ұйымдар, сарапшылар мен ғалымдар қауымдастығының мүшелері, Орталық Азия елдерінің дипломаттары мен зерттеушілері, сондай-ақ ЮНЕСКО мен БҰҰ серіктестері қатысты.
Қазақстан тарапынан іс-шараға Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұра жөніндегі Ұлттық комитеті төрағасының орынбасары Рустам Музафаров, ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкіл Асқар Абдрахманов және Самарқанд қаласындағы Бас консул Талғат Шәріпов қатысты. Сонымен қатар іс-шарада қазақстандық сарапшы және саясаттанушы Асқар Нұрша спикер ретінде сөз сөйледі.
Сайд-ивент өңірде гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды ілгерілету, тәжірибе алмасу және өзара түсіністікті нығайту үшін маңызды алаңға айналды.