
2025 жылғы 7 қарашада Самарқанд халықаралық әуежайында «Астана – Самарқанд – Астана» бағытындағы жаңа тұрақты халықаралық әуе рейсінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Рейс VIETJET QAZAQSTAN (QAZAQ AIR) әуе компаниясымен іске қосылды.
Іс-шараға Самарқанд қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулы Талғат Шәріпов, «Air Marakanda» компаниясының басшылығы, ресми қонақтар, серіктестер және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Бас консул өз құттықтау сөзінде жаңа әуе қатынасының ашылуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы туристік және іскерлік ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ мәдени және гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге ықпал ететін маңызды оқиға екенін атап өтті. Сондай-ақ тұрақты әуе қатынасының экономикалық өзара іс-қимылға, тәжірибе алмасуға және екі елдің іскерлік қауымдастықтары арасындағы байланыстарды кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
Самарқанд – Астана бағыты бойынша алғашқы тіркелген жолаушыға QAZAQ AIR әуе компаниясы тегін әуе билеті сертификатын табыс етті, ал «Air Marakanda» компаниясы VIP-залға тегін кіру мүмкіндігін және естелік сыйлықтар ұсынды.
«Астана – Самарқанд – Астана» бағытындағы тікелей рейстер аптасына екі рет – жұма және жексенбі күндері орындалады. Билеттерді flyqazaq.com сайтынан және әуе компаниясының ресми серіктестері арқылы сатып алуға болады.