Самарқанда ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясы аясында түркі дүниесінің мәдени мұрасын танытатын бірегей жобалар таныстырылды.

Самарқанда ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясы аясында түркі дүниесінің мәдени мұрасын танытатын бірегей жобалар таныстырылды.

2025 жылғы 4 қарашада Самарқанда ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясы аясында Түркі өркениетінің тереңдігі мен ұлылығын бейнелейтін бірегей жобалардың таныстырылымы өтті. Іс-шараны Түркі мәдениеті мен мұрасын дамыту қоры ұйымдастырды.

Таныстырылым барысында түркі мемлекеттері басшылары мақұлдаған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» және «TURKTIME» стратегиялық құжаттарына сәйкес әзірленген «Түркі әлемінің мәдени коды» атты мәдени мұра каталогы, сондай-ақ түркі халықтарының фольклорына арналған көптомдық әрі көптілді басылым – «Түркі фольклоры мұрасы» таныстырылды.

Іс-шараға ЮНЕСКО жанындағы шетел мемлекеттерінің Тұрақты өкілдіктерінің, Өзбекстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері, белгілі ғалымдар, мәдениет институттарының мамандары және түркі мәдениеті мен мұрасына қызығушылық танытқан шетелдік қонақтар қатысты.

Қазақстан тарапынан ЮНЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комитеті төрағасының орынбасары Рустам Музафаров, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкіл Асқар Абдрахманов және Самарқанд қаласындағы ҚР Бас консулы Талғат Шарипов қатысты.

Түркі мәдениеті мен мұрасын дамыту қорының президенті Ақтоты Райымқұлова ашылу салтанатында аталған жобаларды жүзеге асыруға үлес қосқан мамандарға, ғалымдарға және Консультативтік комитет мүшелеріне шынайы ризашылығын білдіріп, бұл бастамалар түркі әлемін біріктіретін рухани көпірге айналғанын атап өтті.

Сондай-ақ «Түркі әлемінің мәдени коды» каталогы жобасының жетекшісі Рустам Музафаров пен Талғат Ешенқұлов сөз сөйлеп, таныстырылған еңбектердің маңыздылығын және Қордың түркі әлемінің мәдени мұрасын сақтау ісіне қосқан зор үлесін атап өтті.

Салтанатты рәсім барысында түркі мәдениеті мен мұрасының елшілері болып табылатын қазақстандық «TURAN» этно-фольклорлық ансамблінің жарқын өнер көрсетуі іс-шараның көркін аша түсті.

Таныстырылым жалғасында 2025 жылғы 3 қарашада ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясында қабылданған қарарға сәйкес 15 желтоқсанды – Түркі тілдері күні (World Turkic Language Family Day) деп жариялауға арналған іс-шара өтті.