
2025 жылғы 3 қарашада Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулы Талғат Шәріпов «BUILD PRO EXPO 2025» халықаралық құрылыс көрмесіне қатысты. Көрмеде құрылыс ұйымдарының, сәулетшілердің, дизайнерлердің, девелоперлердің, құрылыс және әрлеу материалдарын өндірушілер мен жеткізушілердің стендтері ұсынылды.
Көрмеде қазақстандық «Tectum Engineering» ЖШС (Шымкент қ.) өнімі көрсетілді. Бұл кәсіпорын Қазақстандағы ірі өндірушілердің бірі болып табылады және хризотилцементтен жасалған шатыр және қасбеттік материалдар өндіруге маманданған. Өнім түрлеріне толқынды және тегіс шифер, шатыр жапқыштары және тұрғын үй мен өндірістік құрылыста қолданылатын өзге де материалдар кіреді. Көрменің ашылу салтанаты аясында Самарқанд облысы әкімінің міндетін атқарушы Адиз Бобоев қазақстандық өніммен танысты.
Көрме шеңберінде Бас консул бірқатар кездесулер өткізіп, панельдік талқылауларға қатысты. Талқылау барысында Өзбекстанның құрылыс нарығының дамуы, үрдістері мен мүмкіндіктері сөз болып, сондай-ақ Қазақстанда инвестиция тартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері туралы ақпарат берілді.