Мемлекеттік кеңесші ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа бастамалары туралы айтты

Мемлекеттік кеңесші ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа бастамалары туралы айтты

2025 жылғы 31 қазанда мемлекеттік кеңесші – ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Қазақстан ұлттық комиссиясының төрағасы Ерлан Қарин 2025 жылғы 30 қазан мен 13 қараша аралығында Самарқандта өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Бас конференциясының 43-ші сессиясына қатысты.

Мемлекеттік кеңесші өз баяндамасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясында сенімге, ашықтыққа, жауапкершілік пен әділдікке негізделген жаңа жаһандық консенсусты қалыптастыруға шақырғанын атап өтті. Осы орайда ол ЮНЕСКО-ның маңызы арта түскенін айтып, Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымымен (ICESCO) халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған Қазақстанды одан әрі жаңғыртудың жаңа қадамдары Е.Қарин баяндамасының негізгі өзегі болды. Бұл ең алдымен экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллектіні жаппай енгізу және цифрландыруды кең көлемде дамытуды қамтиды. Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет атануды көздейді.

Осы орайда Мемлекеттік кеңесші ЮНЕСКО-ның жасанды интеллект этикасын қалыптастырудағы жетекші рөлін қолдайтынын, сондай-ақ Қазақстанда ЮНЕСКО (RAM) әдістемесіне сәйкес жасанды интеллект этикасы мен оны дамыту жөнінде зерттеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Бұған қоса Ерлан Қарин Жолдауда жарияланған бір палаталы Парламентке көшуді әрі оны пропорционалды жүйе бойынша қалыптастыруды көздейтін саяси жаңғырту үдерісінің мақсаттары мен сипаты туралы айтты.

Сонымен қатар, Мемлекеттік кеңесші ЮНЕСКО Бас конференциясы аясында бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёевамен болған кездесуде екі ел арасындағы, соның ішінде ЮНЕСКО аясындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл әлеуеті талқыланды.

Ерлан Қарин Мемлекет басшысының Қазақстанды одан әрі жаңғыртуға бағытталған жаңа бастамалары туралы айтты.

Тараптар өңірлік бастамаларды ілгерілету, оның ішінде ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұра және Бүкіләлемдік мұралар тізімі аясындағы трансұлттық номинацияларды ұтымды үйлестіру жұмыстарын жалғастыру туралы келісімге келді.

Ерлан Қарин ЮНЕСКО-ның жуырда өкілеттігі аяқталатын Бас директоры Одрэ Азулемен болған кездесуде кейінгі жылдары Қазақстанның бірқатар ұсынысы (Тұран шөлдері, Беташар, Хандар шежіресі және т.б.) ЮНЕСКО-ның беделді тізімдеріне, сондай-ақ 2024-2025 жылдары Б.Соқпақбаев пен Н.Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойлары ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілгенін атап өтті. ЮНЕСКО-ның қолдауымен Алматы қаласындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы алдағы сегіз жылдық кезеңде өз жұмысын жалғастыруға мүмкіндік алды.

Өз кезегінде, Одрэ Азуле Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық бастамалары мен Қазақстанда іске асырып жатқан реформалары маңызды екеніне назар аударды.

Кездесу барысында Мемлекеттік кеңесші Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға әрі білім, ғылым және мәдениет салаларында Қазақстанмен әріптестікті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Одрэ Азулеге ІІ дәрежелі «Достық» орденін тапсырды.

Бас конференцияға Ұйымға мүше 193 мемлекеттің делегациялары, оның ішінде мемлекет, үкімет басшылары, министрлер, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, дипломаттар мен сарапшылар қатысуда.