Флоренция қаласы, 18 ақпан 2025 ж. – Қазақстанның Италиядағы Елшісі Е.Сембаев Тоскана аймағының президенті Ю. Джаннимен кездесті. Кездесуде Қазақстан мен Италия арасындағы өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығы атап өтілді. Атап айтқанда, тараптар ауыл шаруашылығы, тамақ және металлургия, тоқыма және мұнай-химия өнеркәсібі сияқты салалардағы өзара іс-қимыл мүмкіндігін талқылады.
Одан әрі Елші Е.Сембаев итальяндық «Nuovo Pignone» мұнай сервистік компаниясының штаб-пәтерінде болып, оның вице-президенті П.Руджеримен және Тоскана өңірінің іскер топтар қауымдастығының президенті М.Бигаццимен кездесті. «Nuovo Pignone» - 100-ден астам елде мұнай-газ саласының барлық секторлары үшін озық технологиялық жабдықтар мен қызметтерді өндіру саласында көшбасшы болып табылатын «Baker Hughes» компаниясының еншілес кәсіпорны.
Кездесуде Е.Сембаев «Nuovo Pignone» компаниясының Қазақстанмен ынтымақтастығы 1977 жылы «Чижа» және «Орал» компрессорлық станцияларына компанияның газ турбиналық жабдықтарын жеткізген сәттен бастап жарты ғасырға жуық уақыт бойы жүргізіліп келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда «Nuovo Pignone» «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг», «Теңізшевройл» және «ҚазМұнайГаз» сияқты энергетикалық сектордың ірі мұнай-газ компанияларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ете отырып, жабдықтар мен сервистердің жетекші жеткізушісі болып табылады.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат итальяндық компанияның «QazaqGaz» ҰК» АҚ-мен, оның ішінде Флоренциядағы зауытта техникалық мамандарды оқыту саласындағы ынтымақтастығын, сондай-ақ Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, Назарбаев университеті сияқты Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарымен мұнай сервисі индустриясының жас мамандарын даярлау мақсатында табысты өзара іс-қимыл жүргізіп жатқанын атап өтті.
«Біз Италиямен экономикалық байланыстарды дамытуға үлкен мән береміз. Бұл қатынастарда өзара тиімді ынтымақтастық үшін үлкен әлеуетіміз бар мұнай-газ секторына ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстанның экономикалық саясатының басымдығы жергілікті қамтуды дамыту. Осы мақсатқа жетудің негізгі бағыттарының бірі мұнай-газ жабдықтарын өндіруді оқшаулау», - деді Елші Е.Сембаев.
Өз кезегінде, «Nuovo Pignone» компаниясының вице-президенті П.Руджери қазақстандық делегацияға кәсіпорынның қызметі туралы егжей-тегжейлі айтып беріп, болашаққа арналған жоспарларымен бөлісті, сондай-ақ Қазақстанмен, оның ішінде еліміздің аумағында мұнай-газ жабдықтарын өндіруді оқшаулау саласында одан әрі ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.
Қазақстан Республикасының Тоскана өңіріндегі Құрметті Консулы Ф. Альбини ұйымдастырған Елші Е.Сембаевтың жұмыс сапарының бағдарламасы Флоренциядағы «Nuovo Pignone» компаниясының зауытына барумен жалғасып, онда оған мұнай-газ жабдықтарын өндірудің толық циклі ұсынылды. Қазақстандық дипломат газ генераторлары, күштік турбиналар, орталықтан тепкіш компрессорлар және т.б. газ турбиналық жабдықтар өндірісімен және компания басшылығы ұсынған «Nuovo Pignone» компаниясының Қазақстандағы қызметі туралы ақпаратпен танысты.