Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту»

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту»

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық «Ана тілі» газетіне ауқымды сұхбат берді. Онда Мемлекет басшысы негізгі ішкі және сыртқы саяси оқиғаларға баға беріп, 2024 жылы елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылады, сондай-ақ 2025 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді алдағы жылдарға дамыту бойынша үлкен жоспарлары бар екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы сондай-ақ 2026 жылы Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу арқылы БҰҰ-ны басқаруды жоспарлап отыр деген қауесетке жауап берді. Ол халықаралық ұйымда қызмет ету үшін қызметінен кетуді жоспарламайтындығына сендірді. Президенттің айтуынша, Қазақстанды географиялық орналасуы, экономикалық әлеуеті, қазіргі геосаясаты тұрғысынан әлемнің көптеген елдері стратегиялық маңызы бар ел ретінде қарастырады.

Оның айтуынша, батыста және бүкіл әлемде Қазақстан Орта держава деп аталады. Бұл мәртебе, әрине, көп нәрсені, ең алдымен, халықаралық аренадағы жауапты іс-қимылды талап етеді.

«Менің басты мақсатым – мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық ұстанымын нығайту. Президенттіктің басынан бастап бүгінгі күнге дейін қабылданған шешімдер мен олардың салдары үшін барлық жауапкершілікті өз мойныма аламын, басқаша жұмыс істей алмаймын және қаламаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасының іске қосылуы экологиялық мәдениеттің жаңа стандарттарын енгізу идеясынан туындады. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан азаматтары бұл кезекті науқан емес, ел эволюциясының прогрессивті қоғамға бағытталған идеологиялық тұғырнамасы екенін түсінді.

Президент атом энергетикасын дамыту жөніндегі жоспарларға да түсініктеме берді. Президенттің айтуынша, болашақ атом электр станциясының тапсырыс берушісі ретінде қазақ тарапы жоспарланған халықаралық консорциумда бас оператор болады. Қ.Тоқаев 2025 жылы конкурстық рәсімдер өтетінін, содан кейін үкімет түпкілікті шешім қабылдайтынын атап өтті. Мемлекет басшысы жақын арада екінші, мүмкін үшінші атом электр станциясының құрылысы басталатынын жоққа шығармады. Бұл елдегі энергия тапшылығына байланысты.

Мемлекет басшысы сондай-ақ әзірбайжандық Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының Embraer ұшағының қатысуымен болған ұшақ апатына қатысты тергеуге түсініктеме берді. Тергеу өткізуге ИКАО-ны қоса алғанда 17 халықаралық сарапшы шақырылды. Үкімет комиссиясы ашып оқу үшін борттық жазғыштарды ұшақ жасалып шыққан Бразилияға жіберу туралы шешім қабылдады. Президент бұл «тергеудің объективтілігі мен бейтараптығын қамтамасыз етудің жалғыз дұрыс шешімі» екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы парламенттік басқару жүйесіне көшу туралы сұраққа да жауап берді. Президенттің айтуынша, мемлекеттік биліктің саяси жүйесін таңдау өте жауапты шешім, ол кулуарлық емес, тек жалпыхалықтық референдум арқылы қабылдануы керек. Тоқаев өзінің мемлекет тұжырымдамасы «Күшті Президент - Ықпалды Парламент - Есеп беретін Үкімет» екенін және оның Қазақстанның саяси жүйесі үшін ең қолайлы екеніне сенімді екенін мәлімдеді. Президенттік басқару нысаны, Тоқаевтың айтуынша, қазір және жақын арада - Қазақстан үшін ең оңтайлы.

Қазақстан Президенті Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу туралы да айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс мерейтойын мерекелеу жоспары өте бай екенін атап өтті. Астанадағы әскери шеру басты оқиға болмақ. Концерттер мен көрмелер ұйымдастырылады, деректі фильмдер мен телебағдарламалар түсіріледі, тарихи кітаптар мен фотоальбомдар шығарылады, жауынгерлерімізді еске алу бойынша зерттеу жұмыстары жалғасады.

Дереккөз: www.tengrinews.kz