Қазақстанның реформалары мен сыртқы саяси бастамалары Неапольдің Шығыс университетінде таныстырылды

Қазақстанның реформалары мен сыртқы саяси бастамалары Неапольдің Шығыс университетінде таныстырылды

Неаполь қаласы, 27 қараша 2024 жыл - Бүгін Неапольдің Шығыс университетінде «Opinio Juris» итальяндық геосаяси журналының «Орталық Азиядағы жаңа үлкен ойын» атт арнайы саны таныстырылған семинар өтті. Итальяндық журналистер мен сарапшылар дайындаған арнайы сан Қазақстан мен Орталық Азияның даму перспективаларын, тарихты, геосаясатты, реформаларды, халықаралық ынтымақтастықты және энергетикалық ауысуды негізге ала отырып жазылған. Іс-шараны «Opinio Juris» журналының редакциясы, Кампания өңіріндегі ҚР Құрметті консулдығы, сондай-ақ Неапольдің Шығыс университеті ұйымдастырды.

Семинарда сөз сөйлеген ҚР Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев іс-шараға қатысушыларға Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлі, оның халықаралық бастамалары мен транзиттік-көліктік әлеуеті туралы айтып берді.

«Қазақстан ежелден Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің тоғысқан жері, көптеген мәдениеттер, өркениеттер мен діндер тоғысқан орын болды. Біз көне тарихымыз бен сан қырлы мәдени мұрамызды шын мәнінде мақтан тұтамыз. Тауарлардың, мәдени жетістіктер мен идеялардың үздіксіз алмасуынан Қазақстанның ұлттық бірегейлігі мен оның көпжақты ынтымақтастығының ерекше бренді пайда болды», - деп атап өтті Е.Сембаев.

Елші Е. Сембаев Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталып, ҚР Президенті Қ.Тоқаев ұсынған кешенді бағдарлама аясындағы ауқымды саяси өзгерістер туралы, сондай-ақ елді одан әрі трансформациялау мен жаңғыртуға бағытталған шаралар туралы айтып берді.

Өз кезегінде, семинарға қатысқан ҚР Кампания өңіріндегі Құрметті консулы В.Мацца Қазақстан әлемдегі тоғызыншы ірі ел бола отырып, өңірде стратегиялық жағдайға ие екенін атап өтті.

«Бұл рөл тарихи түрде Ұлы Жібек жолынан бері қалыптасқан және қазіргі оқиғалар мен перспективаларға әсер етуін жалғастыруда. Қазақстанның көпұлтты халқы мен интеграция саясаты Шығыс дәстүрлері мен Батыс заманының қатар өмір сүруінің үлгісі болып табылады», - деді В.Мацца.

Өз кезегінде, Неаполь Шығыс университетінің профессоры Т.Тревизани университетте қазақстандық ғылыми мекемелермен ынтымақтастық бойынша бірқатар серпінді және нәтижелі жобалар, соның ішінде студенттер мен шақырылған профессорлардың қатысуымен академиялық, ғылыми және мәдени алмасулар бар екенін атап өтті. 

Жалпы, «Opinio Juris» журналының «Орталық Азиядағы жаңа үлкен ойын» атты санында Қазақстан Еуропамен, Қытаймен және Ресеймен ынтымақтастықта инфрақұрылым мен халықаралық сауданы дамытуға ықпал ете отырып, елеулі шетелдік инвестицияларды тарта алғаны атап өтілген. Оның географиялық орналасуы оны әлемдік шахмат тақтасындағы ең маңызды ойыншы етеді, оның «Орта дәлізде», яғни Каспий теңізі арқылы Азияны Еуропамен байланыстыратын сауда және инфрақұрылымдық дәлізде орталық рөлін күшейтеді. Стратегиялық дамыған порттары мен теміржол желісі бар Қазақстан осы бағыт бойынша тауарлар транзиті үшін негізгі логистикалық торап болып табылады.