
Рим, 25 қараша 2024 жыл - Римде өткен Халықаралық «Fibonacci International Robot Olympiad» әлемнің түкпір-түкпірінен робототехника әуесқойларының басын қосатын ең ірі жарыстарының бірі. 28 мемлекет қатысқан жарыста Бурабай ауданындағы Қызылағаш ауылы Абылайхан мектебінің командасы әлем чемпионы атанды.
Еліміздің намысын Жеңіс Дидар, Қаппасов Дидар, Кәдірбай Нұрәлі қорғады. Жетекшісі, информатика пәні мұғалімі Нұржан Әбілжанов.
Жарыс 14 санат бойынша өтті. Бір санатқа бір мемлекеттен 5 команда қатыса алды.
Нәтижесінде Қазақстаннан келген топтар үш орынға ие болды. Оның ішінде «Lego Line Following» санатында Ақмола ауылдық мектебінің тобы 1 орын иеленді.
«Халықаралық деңгейдегі жарысқа қатысып, ел намысын қорғап, биік жетістіктерге жеткендеріне қуанышты және жеңіспен оралуына ұстаздарымызға ризашылығымызды білдіреміз!» – дейді бурабайлықтар.
Аталған команда Түркияның Анталия қаласында өткен Азия чемпионатында үздік нәтиже көрсетіп Римге жолдама алған болатын.
Ақмола облысында 200-ден астам мектеп робототехника кабинеттері мен элементтерімен жабдықталған және 80-нен астам робототехника үйірмелері жұмыс істейді.
Дереккөз: Ақмола облысының әкімдігі