Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан президенттері үш елдің энергетикалық жүйелерін интеграциялау туралы стратегиялық келісімге қол қойды

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан президенттері үш елдің энергетикалық жүйелерін интеграциялау туралы стратегиялық келісімге қол қойды

COP29 Дүниежүзілік климаттық саммиті аясында Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев, Ильхам Әлиев және Шавкат Мирзиеев Қазақстан Республикасы, Әзербайжан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл оқиға тұрақты дамуға деген ортақ ұмтылыс тарихының жаңа бетін белгілейді.

- Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қою - Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ өңірлерін дамытудағы үшжақты ынтымақтастықтың маңызды кезеңі. Құжат мемлекеттеріміздің энергетикалық жүйелерін интеграциялауға, сондай-ақ еуропалық және басқа нарықтарға экологиялық таза энергияны жеткізудің сенімді дәліздерін құруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Мұнда Қазақстан ірі транзиттік аумақ ретінде аса маңызды рөл атқарады. Бұл келісімнің практикалық нәтижелері біздің экономикамызды байланыстыратын "Жасыл көпір" ретінде Орта дәлізді дамытуға ықпал етеді. Осы түйінді саладағы тығыз ынтымақтастық үш мемлекет арасында тәжірибе және озық технологиялар алмасуды жандандырады, біздің энергетикалық қауіпсіздігімізді одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады, – деп атап өтті Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, көміртегі бейтараптығына ұмтылатын Қазақстан үшін «жасыл» энергетика басым бағыт болып табылады.

- Біз қазба ресурстарына тәуелділікті азайту, технологиялық инновацияларды дамыту және экологиялық тұрақтылығымызды қолдауға қабілетті инфрақұрылымды құру бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстанның шетелдік серіктестермен жалпы қуаты 43 ГВт болатын «жасыл» жобаларды іске асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.