Римде Республика күніне орай қазақ ұлттық музыкасының концерті өтті

Римде Республика күніне орай қазақ ұлттық музыкасының  концерті өтті

Рим, 23 қазан 2024 г. – Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшілігінде Астана қаласының «Дара» мектеп-лицейі оқушыларының ұлттық мереке – Республика күніне арналған концерті өтті.

Мерекелік концерттің ашылуында сөз сөйлеген ҚР Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев егемендік жарияланғалы бері 30 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан ел ішінде де, халықаралық аренада да айтарлықтай жетістіктерге жеткенін атап өтті.

«Қазақстан мықты және құрметті мемлекетке айналды, көптеген беделді халықаралық ұйымдардың қатысушысы болды, әлемдегі диалог пен қауіпсіздікті дамытуға және ілгерілетуге ықпал еткен көптеген маңызды бастамаларды ұсынды. Бүгінде Қазақстан - Орталық Азияның ірі экономикасы, халықаралық аренада «орта держава» мәртебесіне ие маңызды ойыншы, әлемдегі энергетикалық ресурстардың жетекші өндірушісі", - деп атап өтті Е.Сембаев.

Сондай-ақ, Елші Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың Италияға биылғы жылдың басында өткен ресми сапары екіжақты ынтымақтастыққа қуатты серпін беріп, оны сапалы жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының Римге сапарының қорытындысы бойынша экономика, сауда, инвестициялар, энергетика, мәдениет, туризм және басқа да салалар бойынша екіжақты байланыстарды дамытуға бағытталған бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды», – деп атап өтті Елші.

Е. Сембаев Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени байланыстарға жеке тоқталды.

«Өткен жылдың қараша айында Алматы қаласында Орталық Азиядағы жалғыз итальяндық мәдениет институтының ашылуы өзара іс-қимылдың жаңа кезеңін белгілеп, халықтарымызды жақындастыру жолындағы тағы бір қадам болды. Осы жылдың сәуір айында Венециядағы 60-шы халықаралық заманауи өнер биенналесі аясында қазақстандық павильонның ашылуы екіжақты мәдени өзара іс-қимылдың шарықтау шегі болды. Италиядан да, әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған адамдар Қазақстанның танымал суретшілерінің жұмыстарымен танысуға мүмкіндік алды», - деді Е.Сембаев.

Іс-шараның ресми бөлімінде «Дара» мектеп-лицейінің негізін қалаушы Сайрагүл Матайбаева мен «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық ұйымының президенті Раушан Сәрсенбаева құттықтау сөз сөйледі.

Концерт аясында «Дара» мектеп-лицейінің дарынды оқушылары, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары итальян жұртшылығы алдында қазақ және итальян тілдерінде әндер мен композициялар орындады.

Концерт аяқталған соң қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды.