
Рим, 22 қазан 2024 ж. – Бүгін XV дипломатия фестивалі аясында «Festival della Diplomazia» ұйымының ұйымдастыруымен Италияның ең көне жоғары оқу орындарының бірі «Ла Сапиенца» Рим университетінде Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаевтың саяси ғылымдар факультетінің студенттеріне арналған брифингі өтті. Елші Е.Сембаев университет тыңдаушыларын Қазақстандағы реформалармен, еліміздің сыртқы саяси бастамаларымен, оның әлемдегі рөлімен, өзекті халықаралық мәселелер жөніндегі ұстанымымен, сондай-ақ Қазақстан-Италия қатынастарының жай-күйі мен даму перспективаларымен таныстырды.
«Қазақстан – Орталық Азияның аса ірі экономикасы. Әлемдегі энергетикалық ресурстар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жетекші өндірушісі бола отырып, біздің еліміз Азияны Еуропалық Одақпен байланыстыратын «орта дәліз» немесе «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» арқылы жүк тасымалдауды жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады», - деді қазақстандық дипломат.
Е.Сембаев студенттерге Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар туралы да айтып берді.
«Бүгінде Қазақстан саяси жүйені жаңғыртуға және қайта форматтауға бағытталған түбегейлі саяси реформаларды бастан кешуде. Реформалардың мақсаты – адам құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту, азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейту, парламентаризм мен көппартиялылықты дамыту. Мұның бәрі «жаңа әділ Қазақстанды» құру үшін берік негіз», - деп атап өтті ҚР Елшісі.
Қазақстанның халықаралық аренадағы басымдықтарына назар аудара отырып, Е.Сембаев еліміздің сыртқы саясаты көпвекторлылық, теңгерімділік және ұлттық мүдделерді қорғау қағидаттарына негізделетінін атап өтті.
«Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі Еуропалық Одақпен ынтымақтастық. Қазіргі таңда ЕО-мен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім жүзеге асырылуда. Орталық Азияның геосаяси рөлін, оның елеулі энергетикалық және инвестициялық әлеуетін ескере отырып, соңғы жылдары ЕО елдерінің аймаққа деген қызығушылығы артып келеді деп айтуға болады. Мәселен, осы жылдың мамыр айында ОА елдерінің сыртқы істер министрлерінің Римдегі "С5+1" форматындағы кездесуі өтті", - деді ҚР Елшісі.
Еліміздің сыртқы саяси бастамаларына қатысты Е.Сембаев Қазақстан әрқашан бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту жолында күш салғанын атап өтті.
«Біз қарусыздануды қолдаймыз және ядролық қаруды таратпау туралы келісімге бейілдіміз. Қазақстан Сирия дағдарысын шешу үшін Астана бейбітшілік үдерісіне бастамашы болды. Біздің елордамыз әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізетін тұрақты орынға айналды. 2022 жылы өткен әлемдік діндердің соңғы съезіне Рим Папасы Франциск қатысты», - деді қазақстандық дипломат.
Елші Е.Сембаев халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымына тоқталды. Атап айтқанда, Е.Сембаев БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары негізінде Ресей-Украина қақтығысын дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін растады.
Таяу Шығыс дағдарысына келетін болсақ, ҚР Италиядағы Елшісінің айтуынша, Қазақстан екі мемлекет туралы шешім өңірдің берік тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етудің жалғыз жолы болып табылады деген пікірді ұстанады.
Елші Е.Сембаев сондай-ақ климаттың өзгеруі, БҰҰ-ны реформалау, ҚР-дың халықаралық құрылымдарға қатысуы және басқа да маңызды тақырыптарды назардан тыс қалдырмады.
Елші Е.Сембаев Қазақстан мен Италия арасындағы қатынастарға жеке тоқталды. Елші «Ла Сапиенца» университетінің студенттеріне екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективалары туралы айтып берді.
«Италия – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі. Біздің саяси және экономикалық әріптестігіміз жоғары деңгейге жетті. Италия Қазақстанның сыртқы тауар айналымының жалпы көлемінде үлес салмағы 15%-дан асатын Қытай мен Ресейден кейінгі Қазақстанның үшінші стратегиялық сауда серіктесі және ЕО-дағы бірінші сауда серіктесі», - деп атап өтті Е.Сембаев.
Елші атап өткендей, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдың қаңтар айында Римге ресми сапары Қазақстан-Италия қатынастарын сапалы жаңа деңгейге көтерді. Мемлекет басшысының сапарының қорытындысы бойынша экономика, сауда, инвестициялар, энергетика, мәдениет, туризм және басқа да салалардағы бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.
Брифинг соңында ҚР Италиядағы Елшісі Е.Сембаев студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Брифинг осы жылдың қыркүйек айында Қазақстан астанасында өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұсаукесерімен жалғасты. Оны «Ла Сапиенца» университетінде оқитын қазақстандық студенттер ұйымдастырды. Тұсаукесер аясында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Е.Еркінбаев сөз сөйлеп, итальяндық жоғары оқу орнының студенттеріне Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы айтып берді. Студенттердің назарына ойындар туралы бейнероликтер де ұсынылды. Қазақстандық студенттер домбырамен қазақтың ұлттық композицияларын орындап, тұсаукесерге қатысушыларға ұлттық тағамдар ұсынды.