Қазақстанның Италиядағы Елшісі Орталық Азия мен Еуропа одағының арасындағы білім беру саласындағы серіктестік конференциясында сөз сөйледі

Қазақстанның Италиядағы Елшісі Орталық Азия мен Еуропа одағының арасындағы білім беру саласындағы серіктестік конференциясында сөз сөйледі

Камерино, 8 шілде 2024 жыл – Италияның Камерино университетінде Орталық Азияның жоғары оқу орындарының Еуропа университеттерімен серіктестік мәселелеріне арналған «Erasmus – Орталық Азия: жаңа деңгейдегі стратегиялық серіктестік және мәдени диалог» конференциясы өтті.

Конференцияда Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев сөз сөйлеп, Қазақстан мен Италия арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық сипатын атап өтті.

Қазақстандық дипломат екі жақты байланысты нығайтуға бағытталған «Орталық Азия + Италия» бастамасы аясында серіктестікті дамыту туралы айтты. «Өзара сыйластық пен мүдделестік негізінде қарым-қатынасты дамыту – екі тараптың да дамуына, гүлденуіне ықпал етеді»-дейді ол.

«ОА + Италия» аясындағы серіктестік» екі тараптың түрлі саладағы стратегиялық мүддесімен алғышартталған. Бұл формат бірлескен жобаларды кешенді қарастыруды талап етеді. Бұл өз кезегінде аймақ интеграциясына, халықаралық қатынастың нығаюына ықпал етеді» - деді Елші.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың қаңтарында Италияға келген сапарына баса көңіл бөлінді. Бұл сапар екіжақты байланысты нығайтқан, серіктестіктің жаңа перспективаларын ашқан сапар болды. Е.Сембаев кездесу барысында экономикалық серіктестік, мәдени алмасу және бідім беру жобаларына қатысты мәселелер жоғары деңгейде талқыланғанын атап өтті.

Одан бөлек Қазақстан Елшісі білім беру, ғылым мен мәдениет саласындағы серіктестіктің маңызына тоқталды. «Erasmus» бағдарламасы аясында студенттер мен оқытушыларды алмасу Қазақстан мен Италия арасындағы достық байланысты нығайтуға маңызды рөл атқаратынын айтты.

Іс-шара аясында Елші конференция қатысушыларына ұлы ақын, ойшыл Абайдың итальян тіліндегі кітабын ұсынды. Бұл кітап – екі ел арасындағы мәдени диалогты нығайтуда маңызды жоба болды. Сондай-ақ іс-шара қатысушыларына Қазақстан жайлы «Қазақстан. Шексіз кеңістік, шексіз сұлулық» атты туристік жолнұсқа таныстырылды. Жолнұсқада еліміздің бай тарихы, мәдениеті мен табиғаты тамаша жерлері туралы егжей-тегжейлі айтылған. Бұл туристерді тартуға, халықаралық байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Іс-шараға ОА елдерінің, Италия университеттерінің өкілдері, дипломатиялық миссия басшылары, білім беру саласының мамандары, сондай-ақ жергілікті студенттер қатысып, өзара тәжірибе алмасып, пікір бөлісті. Қазақстан атынан Халықаралық бизнес университеті, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, сонымен қатар Италияның жоғары оқу орындарында оқитын студенттеріміз қатысты.

Бүгінгі таңда Қазақстан мен Италия жоғары оқу орындарының арасында 30-дан астам келісім жасалды.

«Erasmus - Орталық Азия» конференциясы маңызды мәселелерді талқылайтын, аймақ елдері мен Италия арасындағы байланысты нығайтатын маңызды платформа болды.