
2024 жылғы 28-29 маусымда Қазақстанның Италиядағы Елшісі Е.Сембаев Марке облысына жұмыс сапарымен барды. Сапардың бірінші күні Ostra Vetere Cooperative Credit Bank («Banca di Credito Cooperativo di Ostra Vetere») қолдауымен Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың перспективалары туралы конференция өтті.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшісі Е.Сембаев итальяндық бизнес қауымдастығын еліміздегі экономикалық реформалардың негізгі басымдықтарымен таныстырды, сондай-ақ Италиядағы бизнестің жаңа мүмкіндіктері туралы айтты. Қазақстандық дипломат екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардағы оң үрдіске тоқталды: «Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 16 миллиард долларға жетті, бұл соңғы 9 жылдағы ең жақсы көрсеткіш. 2023 жылдың соңында Италиядан Қазақстанға ТШИ жалпы ағыны 320 миллион доллардан астамды құрады». Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшісі ағымдағы жылдың 8 шілдесінде Астана-Милан жаңа әуе бағыты ашылуы жөнінде ерекше атап өтті. «Бұл біздің экономикалық қарым-қатынастарымыз бен адамдар арасындағы байланыстарды дамытуға, сондай-ақ туризмді ілгерілетуге ықпал ететіні сөзсіз», - деп қосты Е.Сембаев.
Сондай-ақ шара барысында «Kazakh Invest» АҚ шетелдік өкілі А.Мұқанова итальяндық компанияларға Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды, сонымен қатар шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары мен ұлттық компанияның инвестиция тарту бойынша жұмысы туралы айтты.
Сапардың екінші күні Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшісі Есидегі «Еуропа туралы диалогтар» семинарында құттықтау сөз сөйледі.
Е.Сембаев екі ел арасындағы энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ білім, ғылым және туризм салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары бойынша Қазақстанның көзқарасымен бөлісті.
Іс-шараларға итальяндық тараптан Марке аймақтық кеңесінің өкілдері, Еси қаласының мэрі, сондай-ақ итальяндық компаниялар мен ұйымдар қатысты.
Итальяндық бизнес өкілдері Қазақстандағы экономикалық реформалармен үлкен қызығушылықпен танысып, қазақстандық делегацияға мағыналы презентация үшін алғыстарын білдіріп, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға мүдделілік танытты.