Рим, 21 маусым 2024 жыл - Бүгін Италия Парламенті Сенатында «Италия бауырлары» билік партиясы депутаттар тобының бастамасымен «Қазақстан - Азия төріндегі реформалар елі» атты Қазақстандағы реформаларға, еліміздің Орталық Азия өңіріндегі рөліне арналған «дөңгелек үстел» өтті. Оған итальяндық Парламент Сенатының депутаттары, талдау орталықтарының сарапшылары, журналистер, дипломаттар, Италия академиялық және іскер топтарының өкілдері қатысты.
Іс-шараға қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев итальяндық саяси, сарапшылық және медиа қауымдастық өкілдеріне Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар, елімізді одан әрі трансформациялау және жаңғырту жөніндегі шаралар туралы айтып берді.
Атап айтқанда, қазақстандық дипломат «Әділетті Қазақстан» құру қағидатын ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев ұсынған реформалар саясатының басты өзегі ретінде атап өтті.
«Соңғы бес жылда Қазақстанның саяси және экономикалық жүйелері түбегейлі өзгеріске ұшырады. Қазақстан аз ғана уақыт ішінде, әсіресе саяси салада осындай түбегейлі реформаларды жүргізген Орталық Азиядағы жалғыз мемлекетке айналды. Бүгінде саяси реформалардың ерекше қазақстандық моделінің қалыптасқаны туралы айтуға болады», - деді Е.Сембаев.
Елші Е.Сембаев «халық үніне құлақ асатын мемлекет», «әр алуан пікір – біртұтас ұлт», «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін үкімет», «Адал азамат» және т.б. «Әділетті Қазақстан» негізге алатын қағидаттарға кеңінен тоқталды.
«Реформалар қоғамдық қатынастардың сипатын түбегейлі өзгертті, ұлттың саяси менталитеті өзгерді, азаматтық белсенділік артты, азаматтық қатысу мен ынтымақ дәрежесі жоғарылады, қоғамдық пікір саяси өмірдің маңызды элементіне айналды», - деді Е. Сембаев.
«Жалпы, Қазақстанның даму траекториясы айқын – бұл демократияландыру, саяси плюрализм, азаматтардың басқаруға қатысуының артуы және адам құқықтарын одан әрі қорғау. Бүгінде әлемде мұндай ауқымды реформаларды жүзеге асырып жатқан мемлекеттер көп емес. Қазақстан өз дамуының жаңа дәуіріне аяқ басты. Елімізде қарқынды және жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр», - деп түйіндеді Елші Е.Сембаев.
Елші Е.Сембаев сондай-ақ шараға қатысушыларға Қазақстанның әлемдегі «орта держава» ретіндегі рөлі туралы айтып берді.
«Қазақстан Еуразия құрлығындағы аумағы жөнінен теңізге шығар жолы жоқ ең үлкен мемлекет. Батысында және солтүстігінде Ресеймен 7500 шақырымнан астам ұзындықта шектеседі, ал Қытаймен шекарасының ұзындығы шамамен 1800 шақырымды құрайды. Екі аймақтық держава үшін де Қазақстан шикізатты жеткізуші, өткізу нарығы және көлік дәлізі ретінде стратегиялық маңызға ие. Сондай-ақ Қазақстан өңірдегі негізгі көлік-логистикалық хаб. Ол арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді, оның 5-і теміржол және 8-і автомобиль жолы», - деді қазақстандық дипломат.
Италия Парламенті Сенатындағы «Италия бауырлары» партиясының депутаттық тобының жетекшісі Л.Малан Қазақстан мен Италия арасында аймақтық автономияны ұлғайту және парламенттің өкілеттігін күшейту мәселелері бойынша ұқсастық бар екендігіне тоқталды. Италия сенаторының пікірінше, Қазақстанның даму әлеуеті зор және екі ел де бір бағытта дамып келе жатыр.
«Италия мен Қазақстан демократияландыру тұрғысында бір бағытта келе жатыр. Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі жүріп өткен жолы ерекше, бүгінде ел одан әрі қадамдар жасап, дұрыс бағытта келе жатыр», - деді сенатор Л.Малан.
Дөңгелек үстел барысында сондай-ақ Италия халықаралық қатынастар институтының (IAI) сарапшысы Ф.Кастильони мен профессор, журналист А.Постильоне баяндама жасап, Орталық Азиядағы еуропалық стратегия, Қазақстанның аймақтағы рөлі, сондай-ақ Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-экономикалық қатынастарға тоқталды.
«Дөңгелек үстел» іс-шараға қатысушылардың пікір алмасуымен және спикерлердің аудитория сұрақтарына жауап беруімен аяқталды.