Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстелінде сөз сөйледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстелінде сөз сөйледі

Рим, 18 қаңтар 2024 ж. - Қазақстан Президенті Римге ресми сапары аясында Италияның бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Дөңгелек үстелге халықаралық деңгейдегі 30-ға жуық компания қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның бизнес «капитандарына» Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет берді. Оның айтуынша, әлемдегі геосаяси жағдайға қарамастан, еліміз аймақтағы ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі ретіндегі орнын сенімді түрде сақтап отыр.

- Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 5,1 пайыз деңгейінде болды. Бұл – болжамды жаһандық көрсеткішке қарағанда шамамен 2 есе жоғары (Дүниежүзілік банк – 2,6%, БҰҰ – 2,7%). Біздің орта мерзімді перспективадағы стратегиялық мақсатымыз – 2029 жылға қарай экономиканың көлемін екі есе ұлғайтуға мүмкіндік беретін 6-7 пайыздық өсімге қол жеткізу. Ол үшін ауқымды реформалар жүргізу қажет еді. Сондықтан саяси реформалармен қатар, нарықтық және бәсекеге қабілетті экономикамызды айтарлықтай нығайтып жатырмыз. Мен мұны табысқа жетудің қажетті шарты деп есептеймін. Қазақстанда таяу арада экономикамыздың ашық, сенімді және қарқынды дамуына ықпал ететін аса маңызды әрі түбегейлі реформалар басталады. Мұны сіздерге сенімді түрде айта аламын. Мақсатымыз – Қазақстандағы стандарттарды, ережелерді және бизнес жүргізу тәжірибесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деңгейіне жеткізу. Біз ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін инвестициялық ахуал қалыптастыруға ұмтылып жатырмыз, – деді Мемлекет басшысы. 

Президент ел экономикасына шетелден тікелей тартылатын инвестиция көлемін ұлғайту мақсатында практикалық және заңнамалық тұрғыда жоспарланған шаралар туралы италиялық кәсіпкерлерге мәлімет берді.

– Біз инвесторларға оңтайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыру үшін бизнеске қойылатын артық талаптарды анықтап, оларды жойдық. Жақында Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңес құрылып, оған кең ауқымды өкілеттік берілді. Бұл Кеңестің жедел шешім қабылдауына, көрсетілетін жан-жақты мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету арқылы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруына ықпал етеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, энергетика саласы – екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыты.

– Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамы Еуропаға экспортталады. Бұл Еуропа Одағына қажет мұнайдың шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді. Қазақстанның ұзақ жылдан бергі және сенімді энергетикалық серіктесі Италияға алғыс айтқым келеді. Біз италиялық ENI компаниясының Қазақстан экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан мұнай мен газды барлау саласында мол мүмкіндік ұсынып отыр. Біз маңызды кен орындарын ашу мақсатында әлемдік озық тәжірибені енгізіп жатырмыз. Сондай-ақ Италия компанияларын мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсету ісіне атсалысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы технологиялық революцияны және алдағы уақытта аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу саласында жаһандық сұраныстың еселеп өсетіні жөніндегі болжамды ескеріп, Италия кәсіпкерлерін осы бағытта ынтымақтастық орнатуға шақырды.

– Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан астам барланбаған кен орны бар. Бүгінде біз Еуропа Одағына мүше елдердің экономикасына қажетті ең маңызды 34 шикізаттың 19 түрін өндіреміз. Қажетті инвестиция болса, кобальт, вольфрам, литий сияқты пайдалы қазбалардың 9 түрін игеруге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, көлік-логистика – ынтымақтастықтың тағы бір өзекті саласы. Қазақстан өңірлік хабқа айналу үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуды белсенді түрде қолға алды.

– Орта дәліз «Бір белдеу, бір жол» бастамасын толықтырады. Біз оны Еуропа Одағының Трансеуропалық көлік желісімен және «Жаһандық қақпа» стратегиясымен ұштастыруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар «Үлкен жетіліктің» Жаһандық инфрақұрылым және инвестициялар саласындағы серіктестігі (PGII) жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Соңғы 15 жылда Қазақстан көлік инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан артық қаржы құйды. Алдағы үш жылда 1300 шақырымнан астам теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Қытай, Оңтүстік Азия және Еуропа бағыттарындағы тауар тасымалын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан италиялық инвесторларды біздің айлақтарымызды дамыту, жүк тасымалдаушы кемелерді бірлесе шығару және логистикалық орталықтар құру ісіне белсенді атсалысуға шақырамыз. Қазақстан аумағы арқылы өтетін 13 халықаралық  бағыттың, сондай-ақ Алматы мен Милан арасындағы тікелей әуе рейстерінің арқасында екі елдің қарым-қатынасы бұрынғыдан да беки түсті. Біз Астананы Рим және Милан қалаларымен жалғайтын тікелей рейстерді ашу жоспарын қуана құптаймыз. Бұл біздің экономикалық қатынастарымызды және халықтарымыз арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ туризмді ілгерілетуге оң септігін тигізетіні сөзсіз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы дөңгелек үстелге қатысушыларды биотехнология, фармацевтика салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы хабардар етті. Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның бірқатар ірі компанияларын Қазақстанда жергілікті өндіріс ашуға шақырды.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Сондай-ақ кездесуге қатысушыларды «Астана» халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Жиын барысында Италия Республикасы Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары – Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таяни, CDP тобының бас атқарушы директоры Дарио Сканнапьеко, Confindustria компаниясының интернационалдандыру жөніндегі вице-президенті Барбара Джакомелло, CONFAPI компаниясының президенті Кристиан Камиса, Leonardo SpA тобының президенті Стефано Понтекорво, Fincantieri SpA компаниясының бас атқарушы директоры Пьерроберто Фолгьеро, PetrolValves компаниясының бас атқарушы директоры Сандро Малкори, Pietro Fiorentini компаниясының бас атқарушы директоры Паоло Нарди және тағы басқалар экономиканың тиісті салалары бойынша Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларына қатысты көзқарастарын білдірді.

Жалпы, Мемлекет басшысы сапарының қорытындылары бойынша жалпы сомасы 1,5 млрд доллардан асатын экономиканың түрлі салаларындағы бірлескен инвестициялық жобалар бойынша 18 коммерциялық және коммерциялық емес құжатқа қол қойылды:

  1. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және «Cassa Depositi e Prestiti SpA» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  2. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «ENI» арасындағы бірлескен түпкілікті инвестициялық шешім;
  3. «Самұрық-Қазына» АҚ, «Qazaq Stroy» ЖШС және «Ballestra» компаниясы арасындағы жобаны іске асыру туралы келісім;
  4. Қазақстанның Даму Банкі мен «SACE» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  5. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен «Simest» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  6. «Атамекен» ҰКП, «Confindustria» және «Confindustria Kazakhstan» арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  7. «Самұрық-Энерго» АҚ мен «Ansaldo Energia SpA» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  8. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен «ENI» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  9. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен «Maire Tecnimont» компаниясы арасындағы институционалды ынтымақтастық туралы меморандум;
  10. Қазақстанның Даму Банкі мен «SACE» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  11. «ҚазТрансҚаз Аймақ» АҚ мен «Pietro Fiorentini SpA» компаниясы арасындағы негіздемелік келісім;
  12. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен «NEOS» әуе компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  13. «KIID» и «Cormatex» арасындағы келісім;
  14. «Қызылжар» АЭА МК және «PROSOL» компаниясы арасындағы жобаны іске асыру туралы келісім;
  15. «QazaqGaz» ғылыми-техникалық орталығы мен «Nuovo Pignone International» компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  16. «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КЕАҚ, «Қазақстанның жасыл сутегі одағы» АҚ және «GREEN SPARK ITALY SRL» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  17. «AGROFIRM TNK» ЖШС мен «Bonifiche Ferraresi» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  18. «ҚазТрансГаз Аймақ» пен «ENI» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Дереккөз: www.akorda.kz