
Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық X саммиті өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазір толыққанды, беделді халықаралық ұйымға айналғанына назар аударды. Президент еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі екенін айта келіп, Қазақстанның Ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін мәлімдеді.
Бұл ретте Мемлекет басшысы еліміздің салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) атты сегіз мәселеге басымдық беретінін атап өтіп, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды.
Президенттің айтуынша, түркі бірлігін дәріптеудің маңызы зор. Өйткені біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз – ортақ. Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн.
Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттерінің қатар дамуы өте маңызды деп санайды. Бұл ретте Президент Ұйымға мүше елдердің стандарттары мен терминологиясын жүйелеуді ұсынды.
Президент атаған тағы бір басымдық – реформалар. Мемлекет басшысы Ұйым қызметін оңтайландыру және халықаралық ықпалдастық жөніндегі бірқатар ұсынысын ортаға салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми әріптестік арқылы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту аса маңызды екеніне назар аударды. Бұл орайда Президент Ұйымға мүше елдердің басшыларына әлемдегі үздік университеттердің филиалдары мен тіл үйрететін бөлімдер ашуды, бірлескен ғылыми шаралар өткізіп, тәжірибе алмасуды, сондай-ақ жасанды интеллектіні, цифрлық және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударуды ұсынды.
Мемлекет басшысының пікірінше, қазіргідей халықаралық ахуал тұрақсыз, алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу маңызды.
Мемлекет басшысы инвестицияны алтыншы басымдық ретінде атады. Әріптестерін аймақтар арасында сауда-саттықты кеңейтіп, экономикаға қаржы құюға баса мән беруге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, айналамызда күрделі ахуал қалыптасқан қазіргі кезеңде медиацияның да рөлін арттыру қажет. Мемлекет басшысы Ресей мен Украина, Израиль мен Палестина арасындағы қанды қақтығыстарды, Батыста белең алған заңсыз көші-қон мәселесін мысалға келтіріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты міндет екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір басымдық – энергия мәселесіне айрықша тоқталып, еліміздің осы саладағы бастамалары жөнінде баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, түркі мемлекеттерінің басшыларын бірлікке шақырды. Қауіп-қатерлерге қарсы бірігу, өзара көмек көрсетіп, тиімді іс-әрекет жасау маңызды екеніне назар аударып, оның бәрі түркі әлемін өркендетуге, елдеріміздің ынтымағын арттыруға ықпал ететінін айтты.
Сонымен қатар саммитте ұйымның қазіргі төрағасы – Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі.
Саммит қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Ұйымға бірқатар мақсат-міндет жүктеді. Бұдан бөлек, маңызды құжаттарға қол қойылды.
Дереккөз: www.akorda.kz