Римде Ұлттық мереке – Республика күніне арналған салтанатты қабылдау өтті

Римде Ұлттық мереке – Республика күніне арналған салтанатты қабылдау өтті

Рим, 25 қазан 2023 ж. – Қабылдауға Италияның саяси және іскер топтарының өкілдері, итальян Үкіметі мен Парламентінің мүшелері, шет мемлекеттердің елшілері, итальяндық компаниялардың басшылары, мәдениет саласының, академиялық және сарапшылық қауымдастық, медиа өкілдері және т.б. қатысты.   

Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация тарихи мәнге ие болып, еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігіне жол ашқанын атап өтті. Ол еліміздің Орталық Азияның экономикалық локомотиві бола отырып, әлемдегі энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып отырғанын тілге тиек етті.

«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан өңірдегі жетекші инвестициялық бағыт қана емес, ірі қаржы орталығына айналды. Біздің еліміз жетекші логистикалық хаб ретінде Азияны Еуропалық Одақпен байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасымалдауды жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады», - деді Е.Сембаев.

ҚР Елшісі сондай-ақ Қазақстанның ядролық қаруды таратпау режимі мен жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.

«Біздің еліміз бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайтуда әрқашан маңызды рөл атқарды. Біз ядролық қарусыздануды табанды түрде қолдаймыз және Ядролық қаруды таратпау туралы шартты ұстанамыз. Қазақстан Сирия дағдарысын шешу үшін Астана бейбітшілік процесіне бастамашы болды. Елордамыз әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өтетін тұрақты орынға айналды. Біз Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты еңсеруге белсенді түрде атсалысып, БҰҰ аясында ауған халқына жан-жақты көмек көрсетуді одан әрі арттыруға күш салудамыз», - деді Е.Сембаев.

Қазақстан мен Италия арасындағы қарым-қатынастарға қатысты Елші Е.Сембаев екі ел арасындағы саяси және экономикалық әріптестіктің жоғары деңгейін, сондай-ақ Астана мен Римнің көпжақты құрылымдар аясындағы тиімді өзара іс-қимылын атап өтті.

«Биылғы жылдың қыркүйек айының басында Италия Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таянидің Қазақстанға сапары аса маңызды оқиға болды. Бұл Италия Сыртқы істер министрінің Қазақстанға соңғы 25 жылдағы алғашқы сапары және бұл біздің стратегиялық әріптестікті нығайту жолындағы тағы бір қадам болды», - деді қазақстандық дипломат.

Қазақстан мен Италия энергетика, құрылыс, сауда, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және туризм салаларында белсенді ынтымақтасады. Италия Қазақстанның Еуропадағы бірінші, ал әлем бойынша үшінші сауда серіктесі болып табылады. Биылғы жылдың соңғы 8 айында елдеріміз арасындағы тауар айналымы 10 млрд АҚШ долларынан асты. Тәуелсіздік жылдарында Италиядан Қазақстанға құйылған тікелей инвестиция көлемі 9,5 млрд доллардан астам қаржыны құрады.

Елші Е.Сембаев Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарға да назар аударды.

«Бүгінде Қазақстан мен Италияның жоғары оқу орындары арасында 30-дан астам келісім жасалған. Биылдың өзінде Қазақстаннан бір жарым мыңнан астам студент Италияға оқуға келді. Бірнеше күн бұрын Өскеменде Генуя университетінің филиалын ашу туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қараша айының соңында Алматыда Орталық Азиядағы жалғыз итальяндық мәдениет орталығын ашу жоспарлануда», - деді ҚР Елшісі.

Италия тарапынан Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Джорджо Силли құттықтау сөз сөйлеп, екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтті.

«Италия мен Қазақстанды терең достық пен стратегиялық әріптестік байланыстырады, олар барлық деңгейде кеңейіп, күшейіп келеді. Үстіміздегі жылдың ақпан айында Италияның Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігінде су ресурстары және қоршаған орта жөніндегі «ЕО-Орталық Азия» жетінші конференциясының өткізілуі біздің тығыз ынтымақтастығымыздың дәлелі болды. Тағы бір маңызды оқиға Қазақстанның үйлестіруімен 2024 жылы Римде жоспарланған «Италия-Орталық Азия» конференциясы болмақ», - деп атап өтті Дж.Силли.

Қабылдау аясында Италияның жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттер заманауи қазақ мәдениетіне арналған көрме ұйымдастырып, онда қонақтарға суреттер, стартап жобалары, дарынды жастардың дизайнерлік топтамалары ұсынылды.

Сондай-ақ қонақтар қазақтың ұлттық тағамдарының дәм татуға мүмкіндік алды.