Қазақстан делегациясы Африка және Таяу Шығыс жөніндегі Еуропалық іскерлік кеңестің 4-ші саммитіне қатысты

Қазақстан делегациясы Африка және Таяу Шығыс жөніндегі Еуропалық іскерлік кеңестің 4-ші саммитіне қатысты

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы ү.ж. 24 шілдеде Римде өткен Африка және Таяу Шығыс жөніндегі Еуропалық іскерлік кеңестің (ECAM Council) 4-ші саммитіне қатысты.

4-ші ECAM Саммиті БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммиті аясында ұйымдастырылды. Онда қазіргі күрделі халықаралық жағдайда өзекті сипатқа ие Еуропадағы, Африкадағы және Таяу Шығыстағы денсаулық пен азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері талқыланды.

Саммитке қатысушылардың алдында сөз сөйлеген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев жер көлемі жөнінен әлемде 9-шы орында тұрған Қазақстанның әлемдік азық-түлік жеткізушісі ретінде елдің аграрлық секторын қалыптастыру үшін айтарлықтай ресурстық әлеуеті бар екенін атап өтті.

«Қазақстан азық-түлікті жеткізудің жаһандық тізбегінің белсенді қатысушысы бола отырып, аграрлық секторды жасылдандыру мен тұрақты дамытуға бейілді. Еліміз жылына 7 миллион тоннаға дейін бидай экспорттай отырып, азық-түлік бидайы мен ұн өндіретін ірі он елдің қатарына кіреді», - деді Е.Қарашөкеев.

Министр сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі сервистік жүйеге көшу, кәсіпкерлік бастаманы дамыту үшін тең жағдай жасау, бәсекеге қабілеттілік пен сектордың жаһандық сын-қатерлерге төзімділігінің өсуін ынталандыру бойынша Қазақстан Үкіметінің қабылдап жатқан шаралары туралы айтып берді.

Атап айтқанда, Е.Қарашөкеев заңнамалық базаны және мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру, ауылдық елді мекендердің өмір сүру сапасын жақсарту шараларын қарастыратын Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының және Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасының бекітілгенін атап өтті.

«Осы стратегиялық құжаттарды жүзеге асыру елдің сапалы азық-түлікке ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін 2030 жылға қарай бизнесті, қаржыны, технологияларды және инвестицияларды тартуға, сондай-ақ географиялық артықшылықтарды пайдалана отырып, экспортты өсіруге бағытталған халықаралық азық-түлік хабтары жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді Министр.

Сонымен қатар, Е.Қарашөкеев саммитке қатысушыларға жер және су ресурстарын тиімді пайдалану, жердің құнарлылығын арттыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және сумен жабдықтау жүйесін цифрландыру шаралары туралы айтып берді.

Римге сапары барысында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі БҰҰ Азық-түлік ұйымының (ФАО) штаб-пәтерінде өткен БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитінің ашылуына қатысты, сондай-ақ іс-шаралар аясында бірқатар кездесулер өткізді.