Рим, 24-26 шілде 2023 ж. – Сапар барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы ү.ж. 23-26 шілдеде Римде БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) штаб-пәтерінде өткен ұйымның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитінің жұмысына қатысты.
Саммиттің мақсаты – 2021 жылы өткен Азық-түлік жүйелері жөніндегі бірінші саммитте ұйымға мүше елдер қабылдаған міндеттемелерді орындау барысын талдау, сондай-ақ кедергілерді еңсеру мен басымдықтарды белгілеуді ескере отырып, табысты нәтижелерді талқылау.
Е.Қарашөкеев өз сөзінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы айтарлықтай әлеуетке ие екендігін, өңірлік және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін салып жатқанын атап өтті.
Министр сондай-ақ климаттың өзгеруімен күрес аясында қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі бағыттары туралы хабардар етті.
«Үстіміздегі жылы ел Президенті Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын бекітті, онда ауыл шаруашылығын жүргізудің тұрақты тәжірибесін кеңейту, әсіресе мал шаруашылығын басқаруды жақсарту және суару жүйелерін кеңейту, соның ішінде ауыспалы егіс пен ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру көзделген. Малдың генетикалық ресурстарын тұрақты пайдалану, дамыту және сақтау, мал шаруашылығынан метан шығарындыларын азайту үшін технологиялық шешімдерді пайдалану және жайылымдарды тұрақты басқару сияқты мал шаруашылығын тұрақты басқару тәжірибесі енгізілетін болады», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі».
Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне келсек, Е.Қарашөкеев ФАО-ның техникалық қолдауымен Үкімет импортты азайту және азық-түлік бағасының өсуін тежеу мақсатында инвестиция тартуға, азық-түліктің жекелеген түрлерін өндіруді ынталандыруға бағытталған 2030 жылға дейінгі саланы дамыту тұжырымдамасы мен 2025 жылға дейінгі агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасын бекіткенін атап өтті.
Сапар аясында Министр Е.Қарашөкеев Италияның Ауыл шаруашылығы министрі Ф.Лоллобриджидамен, сондай-ақ Италияның агроөнеркәсіп кешенінің өкілдерімен кездесті.
Ф.Лоллобриджидамен кездесу барысында екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары әлеуеті атап өтіліп, агроөнеркәсіптік сектордағы ынтымақтастықты жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Министр Е.Қарашөкеев сондай-ақ итальяндық агробизнес өкілдерімен - «Confindustria Kazakhstan» вице-президенті және бас директоры В.Майоранамен және Л.Маццуокколомен, Абруццо и Молизе аймақтарының IZSAM «Джузеппе Капорале» эксперименталды зоотехникалық институтының басшысы Н.Д'Альтериомен, «Besana SpA» кептірілген жеміс өндіру жөніндегі итальяндық трансұлттық компаниясының президенті Дж.Калканимен кездесулер өткізді.
Тараптар екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Италиялық компаниялар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.
Өз кезегінде Министр Е.Қарашөкеев итальяндық агробизнес өкілдерін Қазақстанға шақырып, компаниялар ұсынған перспективалық жобаларды талқылауға дайын екенін жеткізді.