
Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясы (UNCTAD) 2022 жыл бойынша Дүниежүзілік инвестициялар жөнінде баяндама жариялады. Есепке сәйкес, соңғы 5 жылда Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) таза ағыны рекордтық 6,1 млрд долларды құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 83%-ға жоғары. Бұл посткеңестік кеңістіктегі елдер арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Посткеңестік кеңістікте Қазақстан ТШИ таза ағыны бойынша бірінші орынға шықты. Одан кейінгі орындарда Өзбекстан – $2,5 млрд, Литва – $2,2 млрд, Грузия – $2 млрд, Беларусь – $1,6 млрд, Латвия – $1,5 млрд, Эстония – $1,2 млрд, Түркіменстан – $936 млн, Украина – $848 млн, Молдова – $587 млн, Армения – $366 млн, Қырғызстан – $291 млн, Тәжікстан $174 млн. Рейтингтің соңында - Әзербайжан мен Ресей, олар сәйкесінше -$1,7 млрд және -$18,7 млрд теріс нәтиже көрсетті.
Орталық Азияға таза ТШИ ағыны 39%-ға өсіп, $10 млрд құрады, оның 61%-ы Қазақстанға тиесілі.
Сондай-ақ теңізге шығар жолы жоқ дамушы 32 елде таза ТШИ-нің 6%-ға артуы байқалады, бұл жерде де Қазақстан көшбасшы орынға ие ($6,1 млрд). Одан кейінгі орындарда Эфиопия ($3,7 млрд), Өзбекстан ($2,5 млрд) және Моңғолия ($2,5 млрд) тұр.
Сонымен қатар, Қазақстан 2015-2022 жылдар аралығында жаңартылмалы энергия жобаларына таза инвестиция тарту бойынша $56,3 млрд көрсеткішімен әлемнің дамып келе жатқан экономикалары арасында 5-ші орынға шықты.
Баяндаманың нәтижелері көрсеткендей, 2021 жылы айтулы өсімнен кейін жаһандық таза ТШИ ағыны 2022 жылы 12%-ға азайып, $1,3 трлн дейін төмендеді. Негізгі себептер - Украинадағы қақтығыс, азық-түлік пен энергия бағасының қымбаттауы, сондай-ақ әлем елдерінің мемлекеттік қарызының өсуі.
Негізінен құлдырау дамыған елдерге әсер етті, онда таза ТШИ ағыны 37%-ға азайып, $378 млрд құрады. Сонымен қатар дамушы елдерге деген ағындар орта есеппен 4%-ға өсті.
Анықтама:
Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясы (UNCTAD) сауда және инвестиция саласындағы БҰҰ Бас Ассамблеясының негізгі органы. 1964 жылы құрылған, штаб-пәтері Женевада (Швейцария) орналасқан. БҰҰ жүйесінде UNCTAD сауда, қаржы, технология, инвестиция және тұрақты дамудың және соған байланысты мәселелері бойынша орталық рөлін атқарады. Ұйымның негізгі мақсаттары - қазіргі халықаралық экономикалық қатынастардың қызмет етуінің ұсынымдарын, қағидаларын, ұйымдастырушылық-құқықтық шарттары мен тетіктерін әзірлеу арқылы әлемдік экономиканың дамуына жәрдемдесу. Ұйым зерттеулер мен саясатты талдауды, үкіметаралық кездесулерді, техникалық ынтымақтастықты және азаматтық қоғаммен және бизнес секторымен өзара әрекеттесуді жүргізеді.
Есептің толық мәтінін мына сілтеме бойынша табуға болады: https://unctad.org/system/files/official-document/wir2023_en.pdf
Дереккөз: Kazakh Invest