Италия төрінде Ұлы дала әуені шырқалды

Италия төрінде Ұлы дала әуені шырқалды

2023 жылғы 20-21 маусымда Рим және Неаполь қалаларында Қазақстанның Италиядағы Елшілігінің және Құрметті консулдықтарының ұйымдастыруымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерттері өтті. Концерттер оркестрдің 90 жылдық мерейтойы және қазақтың ұлы сазгері, халқымыздың аспапты музыкалық өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлының 200-жылдығының құрметіне орай гастрольдік тур аясында ұйымдастырылды.

Концерттер Римнің әйгілі Санта-Чечилия консерваториясында және Неапольдің Дайана театрында қойылды. «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, дирижер А.Тілепберген бастаған қазақстандық майталман өнерпаздар Кұрманғазы, Біржан Сал, Қорқыт, Тәттімбет, А.Жұбанов, Н.Тілендиев, М.Төлебаев, Л.Хамиди сияқты қазақ аспапты музыка классиктерінің туындыларын, сондай-ақ Моцарт, Штраус, Монти сынды әлемдік классикалық музыка шеберлерінің шығармаларын орындады.

Халықаралық сыйлықтардың иегерлері – С.Мұсайын, А.Жұрбай, Б.Мықтыбаев, А.Рақымжан, Л.Әли, Л.Пелескова және т.б. әртістер итальяндық қалың жұртшылықты өз өнерімен тәнті етті.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі – қазақтың кәсіби музыка өнерінің қарашаңырағы, көптеген халықаралық сыйлықтардың иегері, ондаған жылдар бойы қазақтың ұлттық мәдениетін шетелде ілгерілетуге зор үлес қосқан ұжым.