Қазақстанның Италиядағы Елшісі Каспий өңіріне арналған конференцияға қатысты

Қазақстанның Италиядағы Елшісі Каспий өңіріне арналған конференцияға қатысты

Италияның Ка'Фоскари университетінің ұйымдастыруымен өткен «Дауылға қарай: Украинадағы қақтығыс жағдайындағы Каспий өңірінің қауіп-қатерлері мен мүмкіндіктері» тақырыбындағы конференция қазіргі таңдағы әлемде қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайда Каспий аймағы елдері тап болып отырған сын-қатерлер мен мүмкіндіктерге арналды. Конференция барысында сондай-ақ Еуропалық Одақ пен Каспий өңірі елдері арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары болып табылатын энергетика, көлік және логистика мәселелері бойынша тақырыптық сессиялар өтті.

Конференцияда онлайн форматта сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев қазіргі күрделі геосаяси жағдайда «Орта дәліз» деп аталатын Орталық Азияны, Кавказды және Түркияны қамтитын Транскаспий халықаралық көлік бағытының Еуропа мен Қытай арасындағы балама көлік логистикалық бағыты ретіндегі маңызы артып келе жатқанын атап өтті.

«Біздің статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылы Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемі 2,5 есеге өсіп, 1,5 млн тоннаны құрады. Қазіргі уақытта жобаға қатысушы мемлекеттер бұл жобаны ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жасауда», - деді Е.Сембаев.

Елші сондай-ақ ЕО-ның «Global Gateway» бағдарламасын, оның аясында 2021 жылдан 2027 жылға дейін бүкіл әлем бойынша көлік инфрақұрылымын дамытуға шамамен 300 млрд еуро инвестиция салу жоспарланып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл тұрғыда елдеріміз арасындағы жүк ағындарының үздіксіз және тиімді өтуі үшін көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында «Орта дәліз» және «Global Gateway» жобалары арасындағы байланысқа қол жеткізу үшін ЕО мен Каспий өңірі елдерінің күш-жігерін біріктіру қажет.

Конференцияда сондай-ақ Италия сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігінің, жергілікті және шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері, аталған мәселемен айналысатын ғалымдар мен сарапшылар сөз сөйледі.