Римде қазақстандық дизайнерлер мен зергерлер топтамаларының таныстырылымы өтті

Римде қазақстандық дизайнерлер мен зергерлер топтамаларының таныстырылымы өтті

Рим, 25 мамыр 2023 жыл – Қазақстанның Италиядағы Елшілігінде «Салт-дәстүр және заманауи Қазақстан – ғасырлар тоғысында» атты тақырыпта қазақстандық дизайнерлер мен зергерлер топтамаларының таныстырылымы өтті. Оған итальяндық дизайнерлер, өнертанушылар, суретшілер, дипломатиялық корпус өкілдері, журналистер және т.б. бар 100-дем аса адам қатысты.

Таныстырылымның мақсаты – итальяндық аудиторияны сәндік-қолданбалы өнерде болып жатқан үрдістер арқылы Қазақстанның ұлттық сән өнерімен таныстыру, себебі ол кез келген мәдениеттің құрамдас бөлігі және қалыптасу құралы болып табылатын бірегей тарихты, дәстүрді және ұлттық мұраны бейнелейді.

Іс-шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев еуропалықтардың Азиямен танысуы итальяндық атақты саяхатшы Марко Полоның Ұлы Жібек жолының едәуір бөлігі өткен қазіргі Орталық Азия аумағын мекендеген халықтардың салт-дәстүрлері мен өмір салтының ерекшеліктерін суреттеген шығармаларынан бастау алғанын атап өтті.

«Біз ата-бабаларымыздың далалық жан дүниесінің өзіндік ерекшелігі мен сұлулығы туралы қазақстандық дарынды киім және зергерлік бұйымдар дизайнерлерінің топтамаларындағы жарқын бейнелер арқылы жеткізгіміз келеді», - деді Е.Сембаев.

Тұсаукесерді бас директоры Самал Төлеңгітова болып табылатын «Tekemet-Syrmak» компаниясының киізден жасалған бұйымдар топтамасы ашты. Көрермендерге киізді жібекке басып, жібек матаға ерекше өрнектер жасауға мүмкіндік беретін, заманауи технологиямен үйлестірілген дәстүрлі қолөнер арқылы жасалған шапандар мен шарфтар көрсетілді.

Одан әрі қазақстандық сәнгерлер көпшілік назарына Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, белгілі суретші-зергер Нұрдос Әлиасқаровтың әшекей бұйымдарын ұсынды. Ұлттық нақышта жасалған сырға, білезік сынды әйелдердің түрлі әшекейлері көрсетілді.

Сонымен бірге, сәнгерлер заманауи дизайнда әмбебап киім үлгісі болып табылатын этно-дизайнер Тәрбия Айдымбаеваның әйелдер мен ерлер шапандарының топтамасын көрсетті. Таныстырылым қалыңдықтың дәстүрлі той киімін көрсетумен аяқталды.

Қонақтар сондай-ақ кілем және басқа да киізден жасалған бұйымдар көрмесін тамашалады.

Тұсаукесер аясында қонақтарға концерттік бағдарлама да ұсынылды. Қазақстандық студенттер А.Бабағұлова, А.Қадыржанов және Т.Құралов атақты қазақ сазгерлерінің күйлерін орындады. Ал Л.Әли «Бұлбұл» әнін айтып берді.