
Рим, 15 мамыр 2023 ж. Римнің Аристотель мемлекеттік ғылыми лицейі студенттерінің ҚР Италиядағы Елшілігіне келуі «Education Diplomacy» жобасының – дипломатия және БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі студенттерге арналған халықаралық білім беру бағдарламасының екінші кезеңі аясында өтті. Бірінші кезең барысында ҚР Италиядағы Елшісі Е.Сембаев аталған мектепке барып, студенттермен кездескен болатын.
Ең алдымен студенттер тарихи нысан болып табылатын Елшілік ғимаратымен танысты.
Елшіліктің кітапханасында өткен кездесуде қазақстандық дипломаттар итальяндық жастарға Қазақстан, оның тарихы, қазіргі дамуы туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп, еліміздің халықаралық бастамалары жөнінде айтып берді. Қазақстанның инвестициялық әлеуеті, қазақстан-итальян экономикалық қатынастарына да ерекше назар аударылды.
Сонымен бірге, Италияда оқитын қазақстандық жастар Қауымдастығы төрағасының орынбасары Жанерке Қайыпжанова итальяндық жастарды арнап аталған ұйымның қызметімен таныстырып, итальяндық жоғары оқу орындарында оқитын еліміздің студенттері жөнінде әңгімелеп берді.
Кездесудің соңында дипломаттар студенттердің Қазақстанның алдында тұрған міндеттер, этносаралық қатынастар, COVID-19 індетінің салдарымен күресте ҚР Үкіметі қабылдаған шаралар және т.б. мәселелер бойынша қойған сауалдарына жауап берді.