Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев «Еуропа, Италия және Орталық Азия. Мәдениет, инновациялар және технологиялар салаларындағы ынтымақтастық» атты семинарға қатысты

Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев «Еуропа, Италия және Орталық Азия. Мәдениет, инновациялар және технологиялар салаларындағы ынтымақтастық» атты семинарға қатысты

Рим, 12 мамыр 2023 ж., - Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшісі Ерболат Сембаев Еуропа құрлығы мен Орталық Азия аймағы арасындағы геосаяси және геоэкономикалық, мәдени-гуманитарлық қатынастарға арналған «Еуропа, Италия және Орталық Азия. Мәдениет, инновациялар және технологиялар салаларындағы ынтымақтастық» атты семинарға қатысты. «Vision & Global Trends» халықаралық жаһандық талдау институты ұйымдастырған семинарға сондай-ақ Италияның Қазақстандағы Елшісі М.Альберти, Өзбекстанның Италиядағы Елшісі О.Акбаров, итальяндық жоғары оқу орындары, мәдениет мекемелерінің өкілдері, талдау орталықтарының сарапшылары және т.б. қатысты.

Семинарда сөз алған Е.Сембаев Қазақстан Орталық Азия елдерімен қатынастарға ерекше мән беретінін, өңірлік экономикалық ынтымақтастықты дамыту еліміз үшін басты басымдықтардың бірі екендігін атап өтті. Әлемдегі күрделі геосаяси ахуал тұрғысында Қазақстанның әлемдік нарықтарға энергия жеткізуді әртараптандыруды қамтамасыз етуге арналған Орталық Азиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі рөлі барған сайын күшейіп келеді.

Еуропамен қатынастарға келетін болсақ, Е.Сембаев ЕО-ның еліміздің басты сауда және инвестициялық серіктесі ретіндегі рөлін ерекше атап өтті. Қазақстанның сыртқы саудасы мен шетелдік инвестициясының жартысына жуығы ЕО-ның үлесіне тиесілі. Қазақстандық дипломат Италияның да еліміздің Еуроодақтағы ірі саяси және экономикалық серіктестерінің бірі ретіндегі рөліне тоқталды.  

Семинар төрт сессиядан тұрды. Біріншісі Орталық Азияның ірі елдері Қазақстан мен Өзбекстанға, осы елдерде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформаларға арналды.

Екінші сессия Еуропа, Италия және Орталық Азия арасындағы диалогтың маңызды элементі болып табылатын мәдениет тақырыбына арналды.

Келесі екі сессия инновациялар мен технологиялар мәселелерін қарастырып, осы салаларда Еуропа мен Орталық Азия елдері арасындағы ортақ байланыс табуға бағытталды.