
2023 жылғы 15 сәуірде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин гуманитарлық және сауда миссиясымен Кабулға барды. Жалпы көлемі 5 403 тоннаны құрайтын (81 вагон) негізгі гуманитарлық жүк теміржол арқылы жеткізілді. Гуманитарлық көмек азық-түлік өнімдерінен тұрады.
«Біз Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанның ауған халқына гуманитарлық көмегін жеткізу үшін Ауғанстанға арнайы келдік. Халықаралық қоғамдастық та, Қазақстан да ауған халқын қиын жағдайда көмексіз қалдыра алмайды. Біздің гуманитарлық миссиямыздың қасиетті Рамазан айында өтіп жатқаны оған ерекше сипат береді. Осындай барша мұсылмандарға қасиетті саналатын айда барлығыңызға бейбіт өмір мен сабыр тілеймін», деді С.Жұманғарин.
Сапар барысында С.Жұманғарин Ауғанстанның Сауда және өнеркәсіп министрінің міндетін атқарушы Нұриддин Азизимен, вице-премьер Абдул Ғани Барадармен, Сыртқы істер министрі Әмір Хан Муттакимен, Байланыс және телекоммуникация министрі Наджибулла Хакканимен кездесті.
«Қазақстан Кабулмен өзінің дипломатиялық қатынасын сақтап қалған және Ауғанстанды көршілес елдермен бейбіт қатынасты қолдайтын тұрақты және гүлденген мемлекет ретінде көргісі келетін санаулы елдердің бірі. Біз Ауғанстанмен қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды одан әрі дамытуға мүдделіміз, - деді Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары.
Серік Жұманғарин екі елдің сауда саласындағы ынтымақтастығының зор әлеуетін атап өтті. Ол сауда-экономикалық саладағы, оның ішінде гуманитарлық көмек көрсету арқылы ынтымақтастықты дамыту бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екендігін білдірді. Қазақстанның Ауғанстанға экспорттық әлеуеті азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, жеңіл, машина жасау, құрылыс және басқа салаларда 174 млн АҚШ долларын құрайтын 46 тауаран тұрады.
Дереккөз: www.primeminister.kz