Қазақстан Елшілігінде Наурыз мейрамы тойланып, Италиядағы қазақстандық студенттер қауымдастығының бір жылдығы атап өтілді

Қазақстан Елшілігінде Наурыз мейрамы тойланып, Италиядағы қазақстандық студенттер қауымдастығының бір жылдығы атап өтілді

Рим, 21 наурыз 2023 жыл – Қазақстанның Италиядағы Елшілігінде Наурыз мейрамын атап өтуге байланысты мерекелік іс-шара өтті. Оған Италияда оқитын қазақстандық студенттер, Италиядағы қазақстандық студенттер қауымдастығының мүшелері және ҚР дипломаттары қатысты.

Студенттерді Наурыз мейрамымен құттықтаған Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев жастардың «Жаңа Қазақстанды» құрудағы ерекше рөлін атап өтті.

«Бүгінде көптеген қазақстандық студенттер шетелде, соның ішінде Италияда білім алуда. Жастардың осы білімді еліміздің игілігіне пайдалануы маңызды. Біздің жастарымыз білімге ұмтылып, еңбекқор, отансүйгіш болулары тиіс. Өз Отанына қажет және пайдалы болуға ұмтылу әрқайсыңызға тән болуы керек. Сонда ғана жастар Қазақстанның дамуына үлес қоса алады», - деді Е.Сембаев.

Сонымен бірге, Елші Италиядағы қазақстандық студенттер қауымдастығының жастарымызға қолдау көрсетудегі, Қазақстанды шетелде танытудағы маңызды рөлін атап өтіп, ҚР Елшілігінің Қауымдастықпен бірлескен іс-шараларды өткізуде және түрлі жобаларды жүзеге асыруда ынтымақтастықты жандандыруға дайын екенін жеткізді. Е.Сембаев Италиядағы қазақстандық студенттер қауымдастығын құрылғанына бір жыл толумен құттықтап, ұйымға зор табыс тіледі.

Өз кезегінде Италиядағы қазақстандық студенттер қауымдастығының мәдени-бұқаралық департаментінің басшысы А.Жантілес ҚР Римдегі Елшілігіне аталған іс-шараны ұйымдастыруға көмек көрсеткені үшін алғыс білдіріп, ұйымның ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екендігін жеткізді. Ол Қауымдастықтың бір жыл ішінде Италия аумағында 800-ден астам қазақстандық студентті біріктіргенін атап өтті.

Іс-шара бағдарламасы студенттердің орындауындағы қазақтың ұлттық ән-күйлерімен, ұйымдастырушыларға алғыс хаттар табыстаумен, түрлі байқаулар өткізумен жалғасты. Елшілік студенттерге арнап қазақтың ұлттық тағамдарынан мерекелік дастархан ұйымдастырды.