Итальяндық және халықаралық БАҚ өкілдері Қазақстандағы парламенттік сайлаудың қорытындыларымен танысты

Итальяндық және халықаралық БАҚ өкілдері Қазақстандағы парламенттік сайлаудың қорытындыларымен танысты

21 наурыз 2023 ж., Рим. Бүгін Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшілігінде Елші Ерболат Сембаевтың итальяндық журналистер мен Римде аккредиттелген халықаралық БАҚ өкілдері үшін Қазақстандағы парламенттік сайлау қорытындыларына арналған брифингі өтті. Оған «Agenzia Nova», «AdnKronos», «Il Giornale», «Agenzia AGI», «Specchio Economico», «Agenparl» сияқты итальяндық БАҚ-тың журналистері мен «Франс Пресс», «Анадолу» және т.б. ақпараттық агенттіктердің өкілдері қатысты.

Брифинг барысында Елші Ерболат Сембаев журналистерге ҚР Президенті Қ.Тоқаев ұсынған кешенді реформалар бағдарламасы аясында елімізде болып жатқан ауқымды саяси өзгерістер туралы егжей-тегжейлі айтып берді, сондай-ақ елді одан әрі жаңғыртуға бағытталған шаралар жөнінде әңгімеледі.

Атап айтқанда, Қазақстанда бір жылдан аз уақыт ішінде мемлекеттік және қоғамдық өмірде бұрын-соңды болмаған ауқымды реформалар жүзеге асырылғаны, жалпыхалықтық референдум нәтижесінде еліміздің Негізгі заңының үштен біріне өзгерістер енгізілгені, президенттік өкілеттіктің бір мәртелік жетіжылдық мерзімі енгізілгені, Парламент пен мәслихаттардың құрылу тәртібі өзгертіліп, өкілеттіктерінің күшейтілгені, Конституциялық Соттың құрылғаны, партияларды тіркеу тәртібінің жеңілдетілгені, Парламентке өту шегі 7-ден 5%-ға дейін төмендетілгені жөнінде атап өтілді.

Журналистерге Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы туралы айта келе, қазақстандық дипломат 2004 жылдан бері алғаш рет Парламенттің төменгі палатасына кандидаттар партиялық тізім бойынша ғана емес, бір мандатты округтерден де сайланғанын және сайлауға партиялардан немесе ұйымдардан ғана емес, өзін-өзі ұсыну арқылы да қатысуға мүмкіндік туғанын тілге тиек етті. Сонымен бірге, мандаттарды бөлу кезінде партиялық тізімдерде әйелдер, жастар және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін 30 пайыздық квота қарастырылғаны айтылды.

Сондай-ақ итальяндық және халықаралық БАҚ өкілдеріне Қазақстанда өткен парламенттік сайлаудың нәтижесінде Парламенттің төменгі палатасы құрамының айтарлықтай жаңарғаны, Мәжілістегі партиялар санының 6-ға дейін ұлғайғаны, бұл өз кезегінде заңдарды қабылдаудағы пікірлер плюрализмін қамтамасыз ететіні жеткізілді.

Іс-шара аяқталғаннан кейін брифингке қатысушыларға арнап Наурыз ұлттық мейрамына орай мерекелік дастархан ұйымдастырылды. Итальяндық және халықаралық БАҚ өкілдері қазақтың ұлттық тағамдары – наурыз көжеден, бауырсақтан, қазыдан, құрттан дәм татты.