Кездесу барысында Қазақстан мен Италия арасындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тараптар парламентаралық байланысты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Е.Сембаев С.Краксиге елімізде жүргізіліп жатқан негізгі саяси реформалар, «Жаңа Қазақстанды» құру бойынша қадамдар, билікті орталықсыздандыру, парламенттің рөлін күшейту, адам құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту шараларымен таныстырды.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат итальяндық депутатты алдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарына сайлау жөнінде хабардар етіп, бұл сайлау елімізде болып жатқан өзгерістердің айғағы екенін және еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға қуатты серпін беретінін атап өтті.
Өз кезегінде Италия Парламенті Сенатының Халықаралық істер және қорғаныс комитетінің төрайымы С.Кракси Қазақстандағы реформаларды жоғары бағалап, екі ел арасындағы саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы қатынастарды дамытуға дайын екенін білдірді.