Америка Құрама Штаттары Қазақстандағы саяси реформаларды қолдайды

Америка Құрама Штаттары Қазақстандағы саяси реформаларды қолдайды

Астана. 28 ақпан 2023 жыл. Бүгін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қазақстан Республикасына алғашқы ресми сапары өтті.

Сапар аясында Э.Блинкеннің ҚР Президенті Қ.Тоқаевпен, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеубердімен, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлерінің қатысуымен С5+1 форматындағы жоғары деңгейлі кездесуі өтті.

АҚШ Мемлекеттік хатшысымен кездесу барысында ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық байланыс орнаған уақыттан бері екіжақты және көпжақты форматта өзара тиімді іс-әрекеттер жолға қойылғанын атап өтті.

– Сіздің сапарыңыз стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Қауіпсіздік, энергетика, сауда және инвестиция секілді маңызды стратегиялық салалардағы сенімді әрі ұзақмерзімді серіктестік қатынастарымыз өте жақсы. Сондықтан біз бұл ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайынбыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Құрама Штаттардың тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымыз бен егемендігімізді тұрақты түрде берік қолдап келе жатқаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастық жөнінде айта келе, АҚШ Қазақстанның 62 миллиард доллардан астам инвестиция құйған ірі инвесторлардың бірі екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері мен АҚШ-тың сыртқы саяси ведомстволары жетекшілері кездесуінің Астанада өтуі маңызды екенін атап өтіп, Құрама Штаттардың С5+1 форматындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған күш-жігерін құптады.

Өз кезегінде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, АҚШ Президентінің сәлемін жеткізді.

– 30 жылдан астам уақыт ішінде қол жеткізген елеулі табыстарды екіжақты деңгейде дамыту, серіктестігімізді тереңдету және нығайту маңызды. Тек соңғы жылдары біз осы бағытта маңызды әрі жаңа жетістіктерге қол жеткіздік. Біздің қарым-қатынастарымыз берік және байланыстарымыз күшейе түседі, - деді Э.Блинкен.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің АҚШ Мемлекеттік хатшысы Э.Блинкенмен кездесуі барысында екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, екі елдің экономикалық және инвестиция салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Тараптар екіжақты саяси диалогты дамытудың және екі ел арасындағы қатынастарды жандандырудың маңыздылығын атап өтті.

«Күшейтілген өзара іс-қимылдың қолданыстағы тетіктері – Кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссия және Адам құқықтары мен демократиялық реформалар жөніндегі жоғары деңгейдегі диалог Қазақстан мен Құрама Штаттары арасындағы екіжақты әріптестікті нығайтуға көмектеседі», – деп атап өтті М. Тілеуберді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформаларына берік қолдау білдіріп, демократиялық даму, заң үстемдігін нығайту және азаматтық қоғамның рөлін кеңейту саласындағы ынтымақтастыққа дайын екендігін растады.

Энергетикалық қауіпсіздік, климаттық өзгерістер, көлік бағыттарын әртараптандыру және санкциялық шектеулер жағдайында өзара сауда саласындағы ынтымақтастықты ілгерілетуде тараптардың мүдделерін ескеру қажеттілігі туралы өзара түсіністікке қол жеткізілді.

Сол күні ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевтың, Тәжікстан Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддиннің, Түркіменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередовтың және Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовтың қатысуымен С5+1 форматында жоғары деңгейдегі кезекті кездесуі өтті.

Министрлік кездесуінде экономикалық және энергетикалық ынтымақтастық, климаттың өзгеруі, сондай-ақ контртерроризм сияқты көптеген мәселелер талқыланды.

Дереккөздер: www.akorda.kz, ҚР СІМ