Covid-2019: 10 наурыздан бастап Италияның барлық аумағы «қызыл аймақ» деп жарияланды

Covid-2019: 10 наурыздан бастап Италияның барлық аумағы «қызыл аймақ» деп жарияланды

9 наурызда кешке Италия Премьер-министрі Джузеппе Конте Covid-2019 коронавирусы елде таралуына байланысты мәлімдеме жасап, оған сәйкес Италияның барлық аумағы 10 наурыздан бастап «қызыл аймақ» деп жарияланды және төтенше шаралар енгізілді

Атап айтқанда, еңбек қызметі, денсаулық жағдайымен байланысты сапарлардан және аса қажетті жағдайлардан басқа, ел бойынша маңызды себепсіз қозғалу шектелген.
Қазіргі уақытта солтүстік өңірлерде орналасқан (Ломбардия аймағы және 14 провинция, сондай-ақ Милан, Бергамо, Тревизо, Болонья, Венеция және Римини қалаларының әуежайлары) Италия әуежайлары арқылы шетелдік азаматтардың келуіне және шығуына шектеулер қолданылуда. Аталған қалалардың аумағына туристер үшін кіруге тыйым салынады. Алайда шектеулер қоғамдық көліктің жұмысына қолданылмайды.

Бұған дейін Италияның мәдениет министрлігі ағымдағы жылдың 8 наурызынан бастап елдегі барлық мәдени мекемелердің жабылғанын жариялады. Ватиканда мемлекет-қала аумағындағы барлық мұражай, сондай-ақ Римдегі папалық базиликалар жанындағы мұражайлардың ү.ж. 3 сәуіріне дейін жабылуы туралы ескертілген.

Қазақстанның Италиядағы Елшілігі құрған жедел штаб күшейтілген режимде жұмыс істейді. Италия аумағындағы отандастарда сұрақтар туындаған жағдайда келесі мекен-жай арқылы хабарласу қажет: Via Cassia, 471 Roma. Тел.: +390 636 301 130, e-mail: roma@mfa.kz.