
Ү.ж. 23-24 ақпанда Рим қаласында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Н.Шарбиев бастаған қазақстандық делегация қоршаған орта және су ресурстары саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Еуроодақ - Орталық Азия платформасы шеңберінде ЕО-ОА жоғары деңгейдегі 7-ші конференцияға қатысты.
Конференцияның ашылуында Италия Парламентінің мүшесі, Италияның Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Э.Чириелли, Орталық Азия бойынша Еуропалық одақтың арнайы өкілі Т.Хакала, Итаия Парламентінің мүшесі, Италияның қоршаған орта және энергетикалық қауіпсіздік министрінің орынбасары В.Гава және т.б. құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шара барысында ОА мен ЕО елдері арасындағы халықаралық және өңірлік ынтымақтастықтың климаттың өзгеруі, су ресурстары мен биоәртүрлілікті сақтау, бүкіл өңірдің тұрақты дамуы мүддесінде жердің шөлейттенуі мен тозуына қарсы күрес сияқты жаһандық сын-қатерлерді шешу үшін маңызды элемент екендігі аталып өтті.
ЕО-ның ОА елдерімен қоршаған орта, су ресурстары және климаттың өзгеруі бойынша ынтымақтастыққа қатысты стратегиясы өзгеріссіз қалады. ЕО өкілдері ОА-ны «жасыл» жүйеге көшу ісінде және Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізуде қолдауға дайын екендіктерін атап өтті.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Н. Шарбиев Конференцияның бірінші сессиясында баяндама жасап, Қазақстанның негізгі жетістіктері мен басымдықтарын, сондай-ақ елдің «жасыл» жүйеге көшу жолындағы жоспарлары мен мақсаттарына тоқталды. Елдің экономиканы декарбонизациялау, су ресурстарына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, Қызыл кітап және сирек кездесетін жануарлар түрлерін сақтау, осал секторларды климаттың өзгеруінің әсеріне бейімдеу және басқа да маңызды экологиялық проблемаларды шешу жөніндегі мақсатқа қол жеткізуге ұмтылуы басты басымдық болып табылады.
Конференция барысында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Н.Шарбиев Орталық Азия бойынша Еуропалық одақтың арнайы өкілі Т.Хакаламен, Жасыл дипломатия директоры А.Шомакермен және БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры М.Канермен бірқатар кездесу өткізді.
Кездесулер барысында ЕО-мен су мәселелері бойынша трансшекаралық ынтымақтастық, шөлейттенуге қарсы күрес, биоалуандылық пен ландшафттарды сақтау, экономиканы декарбонизациялау, теріс антропогендік әсерден ластануды азайту үшін ең жақсы қолжетімді әдістерді енгізу сияқты басымды бағыттар бойынша ынтымақтастық атап өтілді.
Кездесулер шеңберінде вице-министр сондай-ақ Қазақстан қатысушы тарап болып табылатын халықаралық конвенциялардың іске асырылуы туралы хабардар етті.
Конференция аясында қоршаған ортаны қорғау, су ресурстары және климаттың өзгеруі саласындағы барлық талқыланған өзекті мәселелерді шешуге жәрдемдесу үшін ОА және ЕО елдерінің ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған қорытынды құжат қабылданды.
Дереккөз: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі