Флоренция қаласы, 2022 жылғы 2 желтоқсан. Италияның Флоренция қаласында Қазақстан Республикасының Тоскана аймағындағы Құрметті консулдығының ашылуы өтті. Құрметті консул болып «Albini e Pitigliani Spa» компаниясының басқарушы директоры Федерико Альбини тағайындалды. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев, Италия Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Джорджо Силли, Тоскана аймағының президенті Эуженио Джани, Флоренция қаласының мэрі Дарио Нарделла, сондай-ақ Тоскана аймағының сенаторлары мен депутаттары, іскер топтар өкілдері қатысты.
Елші Е.Сембаев елдеріміз арасындағы қатынастардың жоғары деңгейіне тоқтала келе, Италия Қазақстанның Еуропадағы аса ірі сауда-экономикалық серіктесі екенін атап өтті. 30 жыл ішінде еліміздің экономикасына құйылған итальяндық инвестицияның көлемі 15 млрд.-тан астам АҚШ долларына жетіп, өзара сауда осы жылдың тоғыз айында жалпы көлемі 11,9 миллиард АҚШ долларын құрады.
Сондай-ақ қазақстандық дипломат ең ірі өнеркәсіптік, мәдени және туристік аймақтарының бірі болып табылатын Тоскана аймағында Қазақстанның Құрметті консулдығының ашылуының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл біздің елдерімізге ауыл шаруашылығы, машина жасау, мұнай-химия және тоқыма өнеркәсібі салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асырудағы ынтымақтастықты жандандыруға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Италия Сыртқы істер министрінің орынбасары Дж.Силли елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалап, биыл Қазақстан мен Италия арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толғандығын атап өтті. Ол сондай-ақ итальяндық компаниялардың Қазақстандағы табысты қызметіне тоқталды.
Іс-шараға қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Тоскана аймағының президенті Э.Джани де Қазақстанның жоғары экономикалық және инвестициялық әлеуетін атап өтіп, еліміздің даму қарқынына назар аударды.
Қазақстанның Тоскана өңіріндегі Құрметті консулы Ф.Альбини қазақстандық тарапқа көрсетілген жоғары сенім үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен аймақ арасындағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыруға дайын екенін мәлімдеді.
Шара қонақтарына Түркістан облысының Ш.Қалдаяқов атындағы филармониясының әртістері ұйымдастырған концерттік бағдарлама ұсынылып, қазақтың халық әндері орындалды. Концерттік бағдарлама аясында қонақтардың алдында әлемге әйгілі қазақстандық опера әншісі Мария Мудряк өнер көрсетті.