Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев жұмыс сапарымен Сассуоло қаласына барды

Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев жұмыс сапарымен Сассуоло қаласына барды

Сассуоло, 2022 жылғы 22 қараша. ҚР Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев елдің солтүстігіндегі Эмилия-Романья аймағында орналасқан итальяндық керамика өнеркәсібінің орталығы Сассуоло қаласына сапары аясында керамикалық бұйымдарды өндіруші өнеркәсіптік компанияларды біріктіретін «Confindustria Ceramica» Италия сауда қауымдастығының штаб-пәтеріне барды.

Е.Сембаев қауымдастықтың бас менеджері А.Кафиеромен, вице-президенті Э.Муссинимен, «Acimac» итальяндық қондырғылар, машиналар және жабдықтар өндіретін ұлттық қауымдастықтың атқарушы директоры Дж.Крастамен және қауымдастық президенті П.Ламбертимен, Италияның «ANCE Emilia» жеке құрылыс мердігерлері қауымдастығының президенті С.Грисендимен, «Атлас Конкорд» компаниясының президенті Л.Муссинимен, сондай-ақ Сассуоло қаласының мэрі Г.Менанимен кездесті.

Кездесулер барысында Е.Сембаев Қазақстанның экономикалық әлеуеті, еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы толық ақпарат берді. Сондай-ақ құрылыс, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, ғылым және технология сынды салаларда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктеріне тоқталды.

Қазақстандық дипломат еліміздегі арнайы экономикалық аймақтар, инвесторларға Үкімет пен өңірлер тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқандығы жөнінде де айтып берді.

Е.Сембаев Италия Қазақстанның Еуропадағы аса ірі сауда серіктесі және жалпы еліміздің Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші ең ірі серіктесі екенін атап өтті. 30 жыл ішінде Қазақстан экономикасына құйылған итальяндық инвестицияның көлемі 15 млрд АҚШ долларынан астам болса, 2022 жылдың 9 айында елдеріміз арасындағы тауар айналымының жалпы көлемі 11,9 млрд АҚШ долларына жеткен.

Өз кезегінде «Confindustria Ceramica» өкілдері Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Итальяндық кәсіпкерлер Қазақстанды жыл сайын қыркүйек айында Болонья қаласында өтетін керамикалық бұйымдар көрмесіне қатысуға шақырды.

Қазақстан Елшісі сонымен қатар керамикалық бұйымдарды, құрылыс материалдарын, қондырғыларды, машиналарды, жабдықтарды және т.б. өндіретін бірқатар итальяндық компаниялардың басшыларымен кездесулер өткізді. және бірнеше зауыттарды аралады. Қазақстанда керамикалық бұйымдарды өндіру бойынша ынтымақтастық мүмкіндігін қарастыру туралы келісімге қол жеткізілді.