
13 қараша 2022 ж., Рим. Турнирді Қазақстанның Италиядағы Елшілігі ұйымдастырып, оны өз футбол алаңында өткізді. Оған Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елшіліктерінің командалары, сондай-ақ Орталық Азия елдері елшіліктерінің құрама командасы қатысты.
Турнирдің ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Италиядағы Елшісі Е.Сембаев аталған футбол біріншілігінің дипломатиялық өкілдіктер арасындағы достықты нығайтуға арналғанын атап өтті. Себебі, ең бастысы қандай да бір команданың жеңісі емес, дипломаттардың бейресми жағдайда кездесуі.
Айналым жүйесі бойынша өткен турнирде командалар алдымен өзара ойнап, содан кейін ойындардың қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған алғашқы екі команда финалда бақ сынады.
Бірінші орынды финалда Қырғызстан Елшілігі командасын 2-1 есебімен ұтқан Қазақстанның Италиядағы Елшілігі жеңіп алды. Үшінші орын Орталық Азия елдері елшіліктері құрамасын 2-0 есебімен жеңген Өзбекстан Елшілігінің командасына бұйырды.
Өз кезегінде Қазақстанның Италиядағы Елшілігіне турнирді ұйымдастырғаны үшін алғыстарын білдірген Қырғызстан және Өзбекстан дипломаттары мұндай іс-шара болашақта игі дәстүрге айналып, Италиядағы дипломатиялық өкілдіктер арасындағы достықты нығайтатынына сенім білдірді.
Іс-шара аяқталған соң турнирге қатысушылар Орталық Азия елдерінің тағамдарынан дәм татты.