
10 қараша 2022 ж., Болонья. Бүгін Қазақстанның Италиядағы Елшісі Е.Сембаев FederUnacoma» – Италияның ауылшаруашылық машиналарын жасаушылар ұлттық федерациясының шақыруымен «EIMA International 2022» халықаралық ауыл шаруашылығы техникасы көрмесінің ашылуына қатысты. EIMA Componenti, EIMA Green, EIMA Energy, EIMA Idrotech және EIMA Digital мамандандырылған көрме залдарын қоса алғанда, 14 өнім секторынан тұратын көрме-жәрмеңкеге әлемдік деңгейдегі соңғы технологияларды ұсынатын дүниежүзінің инжинирингтік компаниялары қатысуда.
Көрме аясында Қазақстан Елшісі Е.Сембаев Италияның ауылшаруашылық машиналарын жасаушылар ұлттық федерациясының президенті А.Малавольтимен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар итальяндық және қазақстандық өндірушілер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде келісіп, осындай көрмені Қазақстанда ұйымдастыру мүмкіндігін талқылады.
Сондай-ақ, Қазақстанның Италиядағы Елшісі өнеркәсіп өнімдерін өндіру саласында әлемдік көшбасшы болып табылатын «CNH Industrial Italia SpA» трансұлттық корпорациясының басшылығымен кездесті. Кездесуде компания өз өнімдерін Қазақстанда өндіруді ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар, Е.Сембаев итальяндық «Maschio Gaspardo» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы М.Маскиомен кездесті. Компания жер өңдеуге, егін егуге, дақылдарды күтіп-баптауға, жасыл желекке және шөп шабуға арналған ауылшаруашылық техникаларын жасау бойынша жетекші орында.
«EIMA International» – 1969 жылдан бері Италияның ауылшаруашылық машиналарын жасаушылар ұлттық федерациясының қамқорлығымен екі жылда бір рет өткізілетін ауыл шаруашылығы техникасы мен бау-бақша шаруашылығының халықаралық көрмесі. Көрмеге 50 елден 2000-ға жуық экспонент қатысып, келушілерге ауыл шаруашылығы және бау-бақша жұмыстарының барлық түрлеріне арналған 50000-нан астам машина, жабдық және құрылғы үлгілерін ұсынады.