Итальяндық сарапшылар Қазақстандағы реформаларды талқылады

Итальяндық сарапшылар Қазақстандағы реформаларды талқылады

3 қараша 2022 ж., Рим. Бүгін Италияның Азияны зерттеу институтында еліміздегі реформаларға арналған «Жаңа Қазақстан: бастамалар мен реформалар» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараға қатысқан Италияның саяси және сарапшылық қауымдастығының өкілдері Қазақстанда болып жатқан ауқымды өзгерістерді талқылап, екі ел арасындағы ынтымақтастыққа баға берді.

Семинарға қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев сарапшыларға елімізде жүргізіліп жатқан негізгі реформалар, соның ішінде билікті орталықсыздандыру, парламенттің рөлін күшейту, сайлау және сот жүйелерін реформалау, адам құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі шаралар туралы айтып берді.

«Бұл өзгерістердің нәтижесі елдің саяси жүйесіндегі бәсекелестікті күшейту және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын арттыру болуы тиіс. Мемлекет пен қоғам арасындағы қатынас жүйесі өзгеріп, адам құқықтарын қорғау және ұлттық қауіпсіздікті нығайту Қазақстан үшін басты басымдыққа айналады», - деді Е.Сембаев.

ҚР Елшісі сондай-ақ итальяндық сарапшыларға Қазақстан экономикасын олигополия мен монополиядан арылтуға, жеке кәсіпкерлік бастаманы ынталандыруға, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуынан бас тартуға, бәсекелестікті дамытуға және ұлттық табысты әділеттілікпен бөлуге бағытталған шаралар туралы айтып берді.

Семинарға қатысқан Италияның Азияны зерттеу институтының президенті М.Моргони Қазақстанның жаңғыру мен жаңару жолында үлкен қадам жасағанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзгерістер Италия үшін де, Қазақстан үшін де зор мүмкіндік туғызып, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Өз кезегінде Италия Парламентінің Демократиялық партиядан сайланған мүшесі И.Манци Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар, оның ішінде Парламенттің рөлін күшейту бағытындағы реформалар Италияда болған өзгерістерге өте ұқсас екенін атап өтті. Депутаттың пікірінше, балаларға арналған Ұлттық қордың құрылуы қазақстандық жастардың шетелде білім алып, елге дайын маман ретінде оралуына зор мүмкіндік туғызады.

Семинарға қатысушылар елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға оң баға беріп, Қазақстан мен Италия арасындағы қатынастардың даму динамикасының жоғары деңгейін атап өтті.