Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев итальяндық БАҚ өкілдеріне алдағы ҚР Президентінің сайлауына арналған брифинг өткізді

Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев итальяндық БАҚ өкілдеріне алдағы ҚР Президентінің сайлауына арналған брифинг өткізді

2 қараша 2022 ж., Рим қаласы. Бүгін ҚР Италиядағы Елшілігінде Елші Ерболат Сембаевтың итальяндық журналистерге арналған брифингі өтті. Алдағы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына арналған брифингке Италияның «Agenzia Nova», «AdnKronos», «Il Faro», «InsideOver», «Opinio Juris», «Agenparl», «Specchio Economico» сияқты белгілі БАҚ-тары қатысты.

Брифинг барысында Елші Е.Сембаев кезектен тыс президенттік сайлаудың Қазақстанды одан әрі жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар қажеттілігінен туындап отырғанын атап өтті. Ол еліміздің жылдам қарқынмен өзгеріп жатқандығын, сондықтан азаматтарымыздың мемлекет дамуының болашақ бағыты туралы пікір білдіруі маңызды екеніне тоқталды.

«Алдағы сайлау Қазақстан тарихындағы ең бәсекелі сайлау болмақ. Оларға әртүрлі саяси көзқарастағы алты кандидат қатысып, сайлаушыларға кең таңдау мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар, тарихымызда тұңғыш рет президенттікке екі әйел адам үміткер болып отыр. Бұл Қазақстанның демократиялық дамуындағы тағы бір маңызды қадам», - деді Е.Сембаев.

Елші сондай-ақ сайлау елімізде басталған реформалардың заңды жалғасы екенін, оның дәйекті демократияландыруға ықпал етіп, мемлекеттің тұрақтылығы мен басқарылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызатынын атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси реформалар бағдарламасы Қазақстанның саяси дамуындағы жаңа кезеңді ашып, Президенттің өкілеттіктерін шектеу, Парламенттің рөлін күшейту, азаматтардың саяси процестерге қатысуын кеңейту және адам құқықтарын қорғауды одан әрі нығайту арқылы еліміздің мемлекеттік моделі мен басқару нысанын өзгертуге бағытталған», - деді қазақстандық дипломат.

Е.Сембаев итальяндық журналистерге Парламенттің жоғарғы палатасы – Сенаттың құрылу тәртібі мен функцияларын қайта өзгерту, Парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліс депутаттарын сайлау жүйесін реформалау, Конституция мен Президенттің өкілеттігін тексеру үшін Конституциялық сот құру, жаңа саяси партиялар құру жолындағы кедергілерді жою, елде өлім жазасына толық тыйым салу және басқа да көптеген өзгерістер туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Сонымен қатар, Е.Сембаев итальяндық БАҚ өкілдерін негізгі басымдықтары жеке кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуынан бас тарту, бәсекелестікті дамыту, барлығына тең мүмкіндік беру, ұлттық табысты әділ бөлу болып тыбалатын Қазақстанның жаңа экономикалық бағытымен де таныстырды.

Брифинг қорытындылары бойынша Елші Е.Сембаев журналистердің сауалдарына жауап берді.