
Рим, 25 қазан 2022 ж. Бүгін Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшілігі Ұлттық мереке – Республика күніне және Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай салтанатты қабылдау өткізді. Қабылдауға Италия Үкіметінің өкілдері мен Парламент депутаттары, Римде тіркелген дипломатиялық миссиялардың басшылары, италиялық компаниялардың жетекшілері, академиялық, іскерлік және сарапшылық топтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және т.б. қатысты.
Қонақтар алдында сөз сөйлеген Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев бүгінгі қабылдау шын мәнінде тарихи реформаларды жүзеге асыруға бағыт алған «Жаңа, Әділетті Қазақстан» туының астында өтіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда елді одан әрі жаңғыртуға бағытталған ауқымды өзгерістер орын алуда.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде теңдесі жоқ конституциялық реформа басталды, оның нәтижесі суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға көшу, билікті қайта бөлу, Парламенттің рөлі мен мәртебесін нығайту, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғаудың конституциялық тетіктерін күшейту болуы тиіс», - деді Қазақстан Республикасының Елшісі.
Сондай-ақ, Е.Сембаев ү.ж. 20 қарашада өтетін Президент сайлауы мен келесі жылға жоспарланған Парламент сайлауы биылғы маусымда өткен референдум барысында азаматтардың көпшілігі қолдаған реформаның маңызды бөлігі болып табылатынын және олардың Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін түбегейлі қайта жаңғырту қажеттілігінен туындап отырғанын атап өтті.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталған Е.Сембаев бүгінгі таңда еліміздің халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайтуға маңызды үлес қосып келе жатқан халықаралық аренадағы беделді мемлекетке айналғанын атап өтті. Ұлы Жібек жолының торабында орналасқан Қазақстан ежелден Еуразия құрлығының Шығысы мен Батысын, Солтүстігі мен Оңтүстігін байланыстыратын экономикалық және мәдени «көпір» қызметін атқарды.
Қазақстанның Италиядағы Елшілігінің салтанатты қабылдауы сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналды.
Италия – еліміздің Еуропадағы ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі. Италияның Қазақстан Республикасының экономикасына құйған инвестициясының көлемі 30 жыл ішінде 15 млрд. АҚШ долларын құрады. Бүгінгі таңда Қазақстанда италиялық 260-тан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Олардың қатарында «Эни» сынды ірі компаниялар мен шағын және орта бизнес өкілдері бар. Сонымен қатар, 400-ден астам италиялық компания Қазақстанмен сауда байланысын орнатқан.
ҚР Италиядағы Елшісі Е.Сембаев Қазақстанның Италиямен қатынасқа ерекше мән беретінін, оны маңызды стратегиялық серіктестердің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті.
«Аталған уақыт ішінде екі ел арасындағы қатынастар теңдессіз жоғары деңгейге жетті: мазмұнды саяси диалог жүргізілуде, өзара сауда қарқыны өсуде, келісімшарттар базасы кеңейіп, көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастық нығаюда. 2009 жылы қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы Шарт Қазақстан-Италия қарым-қатынастарының ерекше мәртебесін айғақтайтын аса елеулі оқиға болды», - деді Е.Сембаев.
Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Бүгінгі таңда қазақстандық және италиялық жоғары оқу орындары арасында 30-дан астам келісім жасалды. Олардың ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Римнің «La Sapienza» университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті мен «Teatro Sociale» арасындағы келісімдерді атап өтуге болады.
Қонақтарға қазақтың ұлттық әндері мен дәстүрлі музыкалық өнер классиктерінің туындыларын орындаған Шымкент қаласының халық аспаптары мен өнерпаздары ансамблі ұйымдастырған концерттік бағдарлама қабылдаудың нағыз көзайымы болды. Өнерпаздар Құрманғазының «Балбырауын» және «Адай», Біржан саланың «Саусақ туралы», Н.Тілендиевтің «Ата толғауы» және т.б. шығармаларды орындады.